Бала қауіпсіздігі – басты назарда

0 9

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Азат Пирматовтың қатысуымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Кездесуде жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және ата-аналармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың нәтижелері сөз болды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Спикердің айтуынша, облыста кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл ретте ювеналдық полиция қызметкерлерінің балалармен тікелей жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасауға да көңіл бөлінуде.

Осы бағытта облыс әкімдігі полиция департаментінің ұсынысын қолдап, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларын тоқсан сайын қызметтік көрсеткіштері мен атқарған жұмыстарының нәтижесіне қарай қаржылай ынталандыру тетігін енгізген. Сонымен бірге ювеналдық полиция бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, қызметкерлерге 13 жаңа қызметтік автокөлік берілген.

Азат Пирматовтың сөзінше, жаңа көліктер полиция инспекторларының білім беру ұйымдарына, профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдер мен олардың отбасыларына дер кезінде баруына мүмкіндік береді. Сондай-ақ профилактикалық іс-шараларды жедел ұйымдастыруға жағдай жасалған.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау жүйесінің де маңызы зор. Қазір мектептердегі камераларды облыстық полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Бұл мектептердегі жағдайды бақылауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қажет болған жағдайда полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру мақсатында «Жас сақшы» жобасына да басымдық берілуде. Жоба аясында облыста республикалық форум ұйымдастырылып, оған еліміздің әр өңірінен жас сақшылар қатысты. Басқосуда құқықтық мәдениет, патриоттық тәрбие, құқық қорғау саласына қызығушылықты арттыру және полиция қызметінің ерекшеліктері жөнінде түрлі іс-шаралар өткізілген.

Қазіргі таңда облыста 43 «Жас сақшы» сыныбы жұмыс істейді. Оларға 900-ге жуық оқушы қамтылған.

Қабылданған шаралардың нәтижесі де бар. Спикердің мәліметінше, есепті кезеңде кәмелетке толмағандарға қатысты тіркелген қылмыстар саны 15,2 пайызға төмендеген. Нақтырақ айтқанда, көрсеткіш 99-дан 84-ке дейін азайған.

Жаңа оқу жылының басталуына байланысты облыстағы 531 мектеп пен 42 колледжге 785 полиция қызметкері бекітілген. Олар білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстар жүргізіп, оқушылар мен студенттердің құқықтық сауатын арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Полицияның профилактикалық есебіне алынған жасөспірімдер мен ата-аналар да назардан тыс қалмайды. Есепті кезеңде 390 кәмелетке толмаған және бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамаған 141 ата-ана есепке қойылған. Сонымен қатар 18 кәмелетке толмаған арнайы білім беру ұйымдарына орналастырылып, 47 ата-ана ата-ана құқығынан айырылған.

Бұл шаралардың негізгі мақсаты жазалау емес. Азат Пирматовтың айтуынша, ең алдымен баланың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жағдай жасап, отбасыға қажетті профилактикалық және әлеуметтік қолдау көрсету маңызды.

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың 173 отырысы өткізілген. Қазіргі уақытта профилактикалық есепте 277 қолайсыз отбасы мен 176 кәмелетке толмаған тұр.

Құқық бұзушылықтың алдын алуда рейдтік іс-шаралардың да өзіндік орны бар. Жүргізілген рейдтер барысында ішкі істер органдарына 9 084 кәмелетке толмаған жеткізіліп, 8 988 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Оның ішінде 7 716 дерек кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болуына қатысты болса, 1 476 жағдайда ата-аналардың бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамағаны анықталған. Бұдан бөлек, 245 дерек кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол беруге, 237-сі ұсақ бұзақылыққа, 63-і алкоголь өнімдерін тұтынуға, 48 дерек буллинг және кибербуллинг фактілеріне қатысты тіркелген.

Талдау барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа әсер ететін бірқатар себеп анықталған. Мамандар ата-аналық бақылаудың жеткіліксіздігін, балалардың қараусыз қалуын, әлеуметтік қолайсыз ортаны, бейресми көшбасшылардың ықпалын, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі теріс ақпараттың таралуын, тұрмыстық жанжалдарды және кей отбасылардың материалдық жағдайының төмендігін негізгі факторлардың қатарында атап отыр.

Осыған байланысты профилактикалық түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Білім беру ұйымдарында 7 756 дәріс пен кездесу өткізілген. Тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық жадынамалар, буклеттер мен брошюралар таратылған. Сонымен қатар интернет ресурстарда 1 955 бейнеролик жарияланып, жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік бейнематериалдар ұсынылған.

Полиция өкілінің айтуынша, қазіргі кезеңдегі басты міндет – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін шара қолдану емес, оның алдын алу. Бұл ретте бала қауіпсіздігіне ата-ана, мектеп, полиция және қоғам болып бірлесе жауапкершілікпен қараудың маңызы зор.

Баспасөз брифингі барысында БАҚ өкілдері де кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, ата-аналардың жауапкершілігі, ювеналдық полицияның жұмысы және балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Спикер журналистердің арнайы сұрақтарына жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша нақты түсініктемелер мен тұщымды жауаптар берді.