Тараз тұрғыны бір жыл бұрын сатылған пәтерін қайтарып алды

0 91

Тараз қаласының тұрғыны танысының ұсынысымен сатып, ақшасын ала алмай қалған пәтерін заңгердің көмегімен қайтарып алды. Іс бойынша барлық мәміле заңсыз деп танылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Тараз тұрғыны Сайфулла Хабибуллаевтың айтуынша, осыдан бір жыл бұрын танысы оған пәтерін сатып, түскен ақшаны кәсіпке салуды ұсынған. Ол бұл үшін жақсы табыс табуға уәде берген. Алайда жылжымайтын мүлік сатылғаннан кейін танысы із-түссіз кеткен.

«Танысым пәтерімді сатқаннан кейін екі айдан соң ақшаны қайтарып беруге уәде етті. Бірақ кейін ізім-ғайым жоғалды. Көмек сұрап, бірнеше маманға жүгіндім, алайда ешкім көмектесе алмады. Кейін Саламат Дүйсенбековке баруға кеңес берді. Ол пәтерімнің заңсыз сатылғанын дәлелдей алды. Барлық мәміленің күші жойылып, баспанамды қайтарып алдым», деді Сайфулла Хабибуллаев.

Заңгер Саламат Дүйсенбековтің айтуынша, Жамбыл облыстық адвокаттар алқасының өкілдері жыл басынан бері 350-ден астам істі қарауға алған. Олар азаматтық және қылмыстық істер бойынша азаматтардың мүддесін қорғайды.