Мемлекеттік аудит: 8,3 миллиард теңгенің бұзушылығы қалпына келтірілді

0 7

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Марат Егембердиевтің қатысуымен брифинг өтті. Жиында департаменттің 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында атқарған жұмыстарының нәтижелері баяндалып, мемлекеттік аудит барысында анықталған қаржылық бұзушылықтар, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне жүргізілген камералдық бақылау және әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары сөз болды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Марат Темірбекұлының айтуынша, бюджет қаражатының тиімді әрі заңды жұмсалуын бақылау, мемлекеттік сатып алу кезінде жол берілетін заңбұзушылықтардың алдын алу және анықталған кемшіліктерді жоюға ықпал ету бағытында жыл басынан бері бірқатар аудиторлық іс-шаралар жүргізілген. Нақтырақ айтқанда, есепті кезеңде департамент тарапынан 26 аудиторлық іс-шара ұйымдастырылған. Аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде жалпы сомасы 13 миллиард 329,9 миллион теңгені құрайтын бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде 8 миллиард 361,1 миллион теңгесі қаржылық бұзушылықтарға тиесілі. Сонымен қатар бухгалтерлік есеп пен есептілік саласында да бірқатар кемшілік тіркелген.

Департамент мәліметінше, анықталған қаржылық бұзушылықтар бойынша бюджетке өтелуге тиіс 307,6 миллион теңге толығымен қайтарылған. Ал қалпына келтіруге жататын қаражат орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер есебінен өтелген. Жалпы, есепте көрсетілген өтелуге және қалпына келтіруге тиіс сомалар бойынша тиісті шаралар қабылданған. Тексеру қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға қатысты да шаралар қолданылған. Атап айтқанда, 30 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 27 адамға жалпы сомасы 13,1 миллион теңге әкімшілік айыппұл салынған. Оның 10 миллион теңгесі бюджет кірісіне өндірілген.

– Қаржылық бұзушылықтардың негізгі бөлігі мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес жүргізілген тексерулер кезінде анықталды. Бұл бағыттағы бұзушылықтар сомасы 6 миллиард 910,4 миллион теңгені құрап отыр. Комитет тапсырмасы бойынша жүргізілген аудиттерде 1 миллиард 341 миллион теңгенің, ал азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері негізінде өткізілген тексерулерде 109,8 миллион теңгенің бұзушылықтары тіркелді. Аудит барысында бухгалтерлік есеп пен есептілік саласындағы кемшіліктер, орындалмаған жұмыстар мен көрсетілмеген қызметтер үшін қаражат төлеу, жалақы және іссапар шығындарына қатысты заңбұзушылықтар, сондай-ақ мемлекеттік активтерді пайдалану кезінде жіберілген олқылықтар анықталды. Мұндай жағдайлар бюджет қаражатын жоспарлау мен жұмсау кезінде заң талаптарын қатаң сақтаудың маңызын көрсетеді, – деді спикер.

Брифингте мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне жүргізілетін камералдық бақылау жұмыстары да назардан тыс қалмады. Бұл бақылау заңбұзушылықтарды ерте кезеңде анықтауға, олардың алдын алуға және тапсырыс берушілерге кемшіліктерді өз бетінше түзетуге мүмкіндік береді.

2026 жылдың тоғыз айында департамент 21248 мемлекеттік сатып алу лоты бойынша камералдық бақылау жүргізген. Нәтижесінде ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілерге анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде 1822 хабарлама жолданған. Оның 1 777-сі белгіленген мерзімде орындалып, орындалу көрсеткіші 97,5 пайызға жеткен. Камералдық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды уақытылы жоймағаны үшін 64 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Оның 52-сі бойынша айыппұл салынып, өндірілген, үш іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан іс жүргізу тоқтатылған. Қалған тоғыз хаттама соттың қарауына жіберілген.

Мемлекеттік сатып алу саласында жиі кездесетін заңбұзушылықтардың қатарында әлеуетті өнім берушілердің қатысуын шектейтін негізсіз талаптар қою, демпингтік бағаны есептеу тәртібін дұрыс қолданбау, сондай-ақ баға ұсыныстарын сұрату кезінде ақпаратты орналастыру мерзімдері мен талаптарын бұзу бар. Бұған қоса, техникалық ерекшеліктерді мемлекеттік тілде немесе орыс тілінде орналастырмау және мемлекеттік стандарттарды көрсетпеу жағдайлары да кездеседі. Мұндай олқылықтар мемлекеттік сатып алудың ашықтығына кері әсер етіп, бәсекелестікті шектеуі мүмкін. Сондықтан тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылардың заң талаптарын сақтауы және құжаттаманы дұрыс әзірлеуі маңызды.

Департамент өз құзыреті шегінде аудит материалдары, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардан келіп түскен құжаттар негізінде әкімшілік істерді де қарайды. Есепті кезеңде барлығы 464 әкімшілік хаттама тіркелген. Оның 398-і қаралып, әкімшілік айыппұлдар салынса, 66 материал сотқа жолданған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 72,6 миллион теңгені құраған. Бүгінгі күнге дейін оның 63,9 миллион теңгесі бюджет кірісіне өндіріліп, орындалу көрсеткіші 88 пайызға жеткен.

– Жалпы, тоғыз айдың қорытындысы мемлекеттік аудит пен камералдық бақылаудың бюджет қаражатының жұмсалуын қадағалауда, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтардың алдын алуда және жауапты тұлғалардың тәртібін күшейтуде маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Анықталған кемшіліктерді жою, қаржылық тәртіпті сақтау және мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – деп түйіндеді Марат Темірбекұлы.

Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спикерге мемлекеттік сатып алу кезіндегі жиі кездесетін заңбұзушылықтар, анықталған қаражатты бюджетке қайтару және жауапты тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселелері бойынша сауалдарын жолдады. Өз кезегінде спикер журналистер көтерген сұрақтарға нақты жауап беріп, тақырыпқа қатысты маңызды мәліметтермен бөлісті.