Жаңа цехта сублимацияланған сүт өнімдері шығарылады

0 4

Талас ауданында ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған жаңа жоба іске қосылды. «ArTaza» брендімен сублимацияланған сүт өнімдерін шығаратын заманауи цех жұмысын бастап, жергілікті өндірістің жаңа бағытына жол ашты. Кәсіпорында түйе, жылқы және ешкі сүтінен ұнтақталған өнімдер дайындалады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Жаңа өндірістің ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Кадірбек Садубаев, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары қатысты. Өңірдегі тың жобаның жұмысымен танысуға келген кәсіпкерлер үшін бұл тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген маңызды іс-шара болды.

«ArTaza» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Еркебұлан Жұмабектің айтуынша, сублимацияланған өнім – сүтті толық кептіру арқылы алынатын ақ түсті ұнтақ. Мұндай технология өнімнің ұзақ уақыт сақталуына мүмкіндік беріп, құрамындағы пайдалы қасиеттерін барынша сақтауға бағытталған. Сублимацияланған сүт өнімдерін өндіру цехының алғашқы кезеңінің құрылысы өткен аптада толық аяқталып, пайдалануға берілген. Сүтті өңдеуге қажетті заманауи құрал-жабдықтар арнайы тапсырыспен жеткізіліп, өндіріс орнына орнатылған. Қазіргі таңда жаңа цехта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Жобаның жалпы құны 850 миллион теңгені құрайды. Өндіріс орны негізінен кәсіпкердің өз қаражаты есебінен бой көтерген. Сонымен бірге өндірістік қуатты арттыру мақсатында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несие рәсімделген. Қазір кооперативке тиесілі 2,5 гектар аумақта жобаның екінші кезеңінің құрылысы жүргізілуде. Оның жұмыстары аяқталғаннан кейін өндірістің көлемін ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде өңірдегі ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласының дамуына серпін бермек.

Жаңа цех заманауи цифрлық құралдармен жабдықталған. Өндірісте биотехнологиялық әдістерді пайдалану арқылы өнім сапасын арттыруға, сондай-ақ дайын өнімді қосымша микроэлементтермен байытуға басымдық берілмек. Жобаның басты ерекшелігі – аудан көлемінде бұрын-соңды болмаған сүт өнімдерін өңдеу технологиясының енгізілуі. Әсіресе, жергілікті жерде өндірілетін саумал, шұбат және ешкі сүтін жаңа технология арқылы өңдеп, сақтауға ыңғайлы дайын өнімге айналдыру – ауылшаруашылығы саласындағы қосымша құн тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Өндіріс орнының ашылу рәсімінде аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков жаңа жобаның маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ауылшаруашылығы саласын дамытуға, оның ішінде еңбек өнімділігін арттыруға ерекше мән беру қажеттігін атап өткен болатын. Біз осы тапсырмалар аясында жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Бүгін іске қосылып отырған ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі өнімдерді қайта өңдеуге, өндірісті дамытуға және отандық өнім көлемін арттыруға бағытталған маңызды жоба болмақ, – деді аудан әкімі.

Салтанатты іс-шарада аудандық мәслихаттың төрағасы Кадірбек Садубаев пен «Құлтай ата» шаруа қожалығының төрағасы Рысбек Жұмабеков те сөз сөйлеп, жаңа өндіріс орнының жұмысына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін жаңа цехтың лентасы қиылып, қонақтар өндіріс орнын аралады. Аудан әкімі кәсіпорында орнатылған құрал-жабдықтардың жұмысымен танысып, саумал, шұбат және ешкі сүтін заманауи технологиялар арқылы өңдеу барысын көрді.

Ауылшаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оны терең өңдеп, дайын тауарға айналдыру – бүгінгі күннің маңызды талаптарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Талас ауданында қолға алынған «ArTaza» жобасы жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беретін өндірістік бастамалардың бірі болмақ.

Цехтың екінші кезеңі толық аяқталып, өндірістік қуаты артқан кезде «ArTaza» брендімен шығарылатын өнім түрлері мен көлемі де ұлғая түспек. Бұл ауданның ғана емес, тұтас өңірдің ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу әлеуетін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.