Дәрігерге шабуыл жасалса, сақтандыру төлемі берілуі мүмкін

0 6

Қазақстанда қызметтік міндетін атқару кезінде шабуылға ұшыраған медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру ұсынылды. Тиісті бұйрық жобасын Денсаулық сақтау министрлігі «Ашық НҚА» порталында жариялады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Ведомство медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін, сондай-ақ өмірі мен денсаулығын сақтандыру тетіктерін жетілдіруді көздеп отыр.

Жобаға сәйкес, медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын міндетті түрде бірлесіп сақтандыруға арналған үлгілік шарт енгізілуі мүмкін. Сонымен қатар дәрігер-интерндер мен резиденттер оқу барысында кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесіне қосылады.

Құжатта қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін бірлесіп сақтандыру шарттарын жасасу, өзгерту және орындау тәртібін жетілдіру де қарастырылған.

Бұдан бөлек, жұмыс орнында үшінші тұлғалардың күш қолдануы салдарынан медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жағдайда сақтандыру төлемін жүзеге асыру жағдайлары нақтыланбақ.

Сақтандыру төлемдерін жүргізу тәртібі мен денсаулық сақтау ұйымдары, медицина қызметкерлері, пациенттер және Бірыңғай сақтандыру пулының әкімшісі арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру де жоспарланған.

Денсаулық сақтау министрлігінің пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістер медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін орындау кезіндегі қорғалу деңгейін арттырып, пациенттердің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіне қатысушылардың құқықтық және қаржылық тәуекелдерін азайту көзделген.

Ведомствоның мәліметінше, жоба әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де теріс салдарға әкелмейді.

Құжаттың қоғамдық талқылауы 16 қыркүйекке дейін жалғасады.