Енді декреттік төлемді онлайн рәсімдеуге болады

0 15

Елімізде аяғы ауыр әйелдер мемлекеттен босануға байланысты төлемді алу үшін үйден шықпай-ақ, Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы рәсімдей алады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бұған дейін аяғы ауыр әйел босануға байланысты төлемді рәсімдеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барып, қажетті құжаттарды жинап, өтініш беретін еді. Оған көп уақыт кететін.

Енді бұл қызметті онлайн алуға болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, азаматтар өтінішті бұрынғыдай eGov.kz порталы арқылы электронды түрде де бере алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаев министрлік азаматтарға көрсетілетін қызметтерді барынша жеңілдетуге басымдық беріп отырғанын атап өтті.

«Мемлекет көмекті азаматтарға барынша оңай жолмен беру үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін істеп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – қағазбастылықты, адамдардың мемлекеттік органдардың есігін қағып жүруін барынша азайту. Бұл әсіресе, аяғы ауыр әйелдер мен жас аналар үшін өте маңызды. Енді цифрландырудың нәтижесінде миллиондаған азамат мобильді қосымша арқылы қажетті қызметті пайдалана алады», деді вице-министр.

Қазір жұмыс істейтін, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қосылған әйелдер Kaspi.kz қосымшасындағы «Гид» бөліміне кіріп, өтініш беру тәртібі көрсетілген қадамдық нұсқаулықпен таныса алады.