Магистратура грантының нәтижесі қашан жарияланады?
2026-2027 оқу жылына магистратура грантын иеленген талапкерлердің тізімі 24 тамызда сағат 15:00-де жарияланады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Министрдің айтуынша, магистратураға мемлекеттік гранттарды тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын аяқтап, үміткерлердің өтініштерін қарады. Конкурс қолданыстағы ережелерге сәйкес өткізілген.
Іріктеу нәтижелері Ғылым және жоғары білім министрінің ресми парақшаларында және министрліктің ақпараттық ресурстарында жарияланады.
«Биыл магистратура гранттарының конкурсына қатысу үшін 23 мыңға жуық өтініш қабылданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мыңға артық. Үміткерлер арасында «Педагогикалық ғылымдар», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», сондай-ақ «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» білім беру бағыттарына сұраныс жоғары болды», деді министр.