Тұрғындардың ұсынысы ескеріліп, нақты тапсырмалар берілді

0 12

Мемлекет басшысының өңірлерді кешенді дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тұрар Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардың жай-күйімен танысты. Сапар барысында құрылыс жұмыстарының сапасы, жобалардың орындалу барысы және тұрғындарды толғандырған мәселелер назарға алынды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Аймақ басшысының жұмыс сапары Малдыбай ауылынан басталды. Мұнда 120 орынды жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Ербол Қарашөкеев мердігер ұйым мен жауапты сала басшыларына білім ошағын жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға беруді, қажетті рұқсат құжаттары мен лицензияларды рәсімдеу жұмыстарын жеделдетуді, сондай-ақ мектеп аумағын толық абаттандыруды тапсырды.

Одан кейін облыс әкімі халықаралық Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізі бойында салынып жатқан сервистік қызмет көрсету кешенінің құрылысымен танысты. Құны бір миллиард теңгеден асатын инвестициялық жобаны «Бауырсақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Жоба жетекшісі Ғалымжан Шалатаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары кезінде 45 адам еңбекпен қамтылса, кешен іске қосылғаннан кейін 30 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда нысан құрылысының 80 пайызы аяқталған. Жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған кешенде жолаушыларға және жүк көліктеріне қызмет көрсету орталығы, қонақүй, мейрамхана, кафе, автотұрақ, санитарлық-гигиеналық аймақ пен автошеберхана жұмыс істейтін болады. Өңір басшысы құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді, көрсетілетін қызметтің сапасына ерекше мән беруді, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және отандық өнімдердің саудасын дамытуға басымдық беруді тапсырды.

Жұмыс сапары барысында Құлан ауылындағы Дендро саябағының жағдайы да назардан тыс қалмады. Аумағы 12,4 гектарды құрайтын саябақтың бірқатар бөлігінің тозып, көгалдандыру мен күтіп-ұстау жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілгені анықталды. Осыған байланысты облыс әкімі саябақты қалпына келтіру, суару жүйесін реттеу және абаттандыру жұмыстарын биылғы қазан айына дейін толық аяқтауды міндеттеді.

Құлан ауылында бой көтеріп жатқан жаңа спорт мектебінің құрылысы да зерделенді. Ербол Қарашөкеев ауданның спорттағы жетістіктеріне тоқталып, бұл өңірден төрт әлем чемпионы шыққанын ерекше атап өтті.

– Тұрар Рысқұлов ауданының спорттағы әлеуеті жоғары. Жаңа спорт мектебі пайдалануға берілгеннен кейін халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын жаңа чемпиондар тәрбиеленетініне сенім мол. Сондықтан балаларға заманауи талаптарға сай барлық жағдай жасалуы қажет, – деді облыс әкімі.

Сапар барысында Қарақат ауылындағы №2 орта мектепке жапсарлас салынып жатқан спорт залының құрылысы да тексерілді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Мердігер ұйымға жұмыстың сапасын қатаң бақылап, нысанды белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.

Жоспардан тыс облыс әкімі психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің жылыту жүйесінің жай-күйімен де танысты. Көмірмен жұмыс істейтін ескі қазандықты табиғи газға көшіру және мекемеге баратын жолды жөндеу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Құлан ауылындағы №6 мектеп-гимназиясында орналасқан жаңадан құрылған №526 сайлау учаскесінің материалдық-техникалық дайындығы да назарға алынды. Облыс әкімі дауыс беру кезінде азаматтарға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға қатысты бірқатар ұсыныс айтты.

Жұмыс сапары барысында Ербол Қарашөкеев мектеп ауласында «Арай» тұрғын алқабының тұрғындарымен кездесіп, ауызсу мәселесіне қатысты ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады. Аудан әкімдігіне бұл мәселені жедел шешу тапсырылды.

Экологиялық қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Құлан ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының толу деңгейі бүгінде 90 пайызға жеткен. Осыған байланысты жаңа полигон салуға арналған жер телімі белгіленген. Өңір басшысы жаңа нысанды қараша айына дейін іске қосуды, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруді және экологиялық талаптардың толық сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Луговой ауылындағы «Түрксіб» теміржол вокзалының құрылысы да бақылауға алынды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Ербол Қарашөкеев мердігер ұйымға жұмысты сапалы аяқтап, жолаушыларға барлық қолайлы жағдай жасауды міндеттеді.

Жұмыс сапары аудан диқандарымен кездесумен түйінделді. «Ернұр» шаруа қожалығында өткен басқосуда облыс әкімі мемлекет тарапынан ауылшаруашылығы саласына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын айтып, егін орағын жоғары қарқынмен жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ шаруаларға өнімді қысқа мерзімде әрі ысырапсыз жинау, ауыл шаруашылығы техникаларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және күзгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындалу жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Жұмыс сапары барысында көтерілген мәселелер өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, инвестициялық жобаларды уақытылы аяқтау, халыққа қолайлы орта қалыптастыру және ауылшаруашылығының тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да қатаң бақылауда болатынын көрсетті.