Жұмыс әр ауданның нақты нәтижесімен бағаланады
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген әкімдік мәжілісінде 2026 жылдың қаңтар-маусым айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің атқарылуы қаралып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның мәліметінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысында өңір экономикасы 14,2 пайызға өсіп, барлық негізгі салаларда оң динамика қалыптасты. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі – 18,5 пайызға, ауылшаруашылығы – 3,3 пайызға, құрылыс – 13,4 пайызға, сауда – 3,2 пайызға, көлік қызметі – 11,8 пайызға, байланыс саласы 4 пайызға артты. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59,6 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2,6 пайызға ұлғайды.
Өнеркәсіп саласында жалпы 718,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 478,5 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы республикадағы көшбасшы бес өңірдің қатарына енді. Өсім негізінен тамақ, химия және құрылыс индустриясы салаларындағы өндірістің артуы есебінен қамтамасыз етілді.
Ауылшаруашылығы саласында 122 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,3 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығында өндіріс көлемі артты. Ет, сүт және жұмыртқа өндіру көрсеткіштері өсіп, ірі қара, қой, жылқы және құс саны да көбейді.
Есепті кезеңде негізгі капиталға 505,8 миллиард теңге инвестиция тартылды. Инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша облыс республикада екінші орынға шықты. Оның 479,8 миллиард теңгесі немесе 94,9 пайызы жеке инвестициялар есебінен қалыптасты.
Құрылыс саласында 165,4 миллиард теңгенің жұмыстары орындалып, 326 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл тұрғын үй құрылысына бюджеттен 19,9 миллиард теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 2 941 пәтерлі 66 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1 685 пәтерлі 35 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 350 пәтер сатып алынады.
Сауда айналымы 522,9 миллиард теңгені құрап, 3,2 пайызға өсті. Көлік қызметінің көлемі 164,1 миллиард теңгеге жетіп, 11,8 пайыздық өсім тіркелді. Ақпарат және байланыс саласында көрсетілген қызмет көлемі 6,5 миллиард теңгені құрап, 4 пайызға артты.
Сонымен қатар Сандуғаш Абдралиева аудандар бөлінісінде бірқатар бағыт бойынша өсім қарқыны төмен екенін атап өтті. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі көрсеткіштері Меркі, Сарысу және Қордай аудандарында, ауылшаруашылығы өнімінің көлемі Қордай ауданында, инвестиция және жеке инвестиция көлемі Байзақ пен Талас аудандарында, ал құрылыс жұмыстары Меркі, Қордай және Байзақ аудандарында төмен деңгейде қалыптасқан.
Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев аудан әкімдерінің жұмысын сынға алып, нақты тапсырмалар жүктеді.
– Жалпы облыс бойынша экономикалық өсім бар. Бірқатар негізгі көрсеткіш бойынша республика көлемінде жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Алайда біздің жұмысымыз облыстың орташа көрсеткішімен емес, әр ауданның нақты нәтижесімен бағаланады. Сондықтан көрсеткіштері төмен аудандар жұмысты күшейтіп, нақты нәтижеге қол жеткізуі тиіс, – деген өңір басшысы Меркі, Сарысу және Қордай аудандарында өңдеу өнеркәсібін дамытуға, Байзақ пен Талас аудандарында инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруға, Меркі, Қордай және Байзақ аудандарында құрылыс қарқынын арттыруға басымдық беруді тапсырды.
Сондай-ақ ол өзіндік кірістерді ұлғайту, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, мемлекеттік міндеттемелері бар жобаларды уақытылы аяқтау және әр тапсырманың нақты орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап өтті.
– Экономикалық өсімнің нақты нәтижесі халықтың тұрмысынан көрінуі керек. Инвестиция – жаңа жұмыс орындарына, құрылыс – пайдалануға берілген нысандарға, ауылшаруашылығының өсімі – ауыл тұрғындарының табысына айналуы тиіс. Әрбір тапсырманың нақты орындаушысы, мерзімі және нәтижесі болуы қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Кеңейтілген әкімдік мәжілісінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының іске асырылу барысы да талқыланды. Зерделеу нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталғаны айтылды. Өңір басшысы «Таза Қазақстан» тек сенбілік өткізумен шектелетін науқан емес, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға, абаттандыруға, тазалық мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындардың ортақ жауапкершілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс екеніне назар аударды.
Осыған байланысты аудан әкімдеріне акцияның мазмұнын тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру, ақпараттық-насихат жұмыстарын күшейту, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жариялау, сондай-ақ азаматтардың өз тұрғылықты жерінің тазалығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру тапсырылды.