Боранды бекеті жаңа келбетке ие болды

0 8

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі теміржол вокзалдарын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында облысымызда да көлік инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүйелі жалғасуда. Соның жарқын көрінісі ретінде Жуалы ауданындағы Боранды теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, салтанатты жағдайда пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Жаңарған вокзалдың ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі, теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлері, аудан тұрғындары қатысып, нысанның лентасын қиды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары вокзалдың жаңғыртылуы өңір тұрғындарына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, көлік қатынасының сапасын арттыруға серпін беретінін атап өтті.

– Боранды теміржол вокзалы ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет етеді деп сенеміз. Бұл нысан аудан тұрғындары мен жолаушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырып, өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосады. Баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Алтай Әлі.

Жаңғырту жұмыстары барысында вокзал ғимараты толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, инженерлік-коммуникациялық жүйелер түгел жаңартылған. Сондай-ақ сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары заман талабына сай жүргізіліп, ғимараттың сәулеттік келбеті жаңаша сипатқа ие болды.

Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында күту залдары заманауи жабдықтармен толықтырылып, билет рәсімдеу және қызмет көрсету аймақтары жаңартылды. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен кішкентай баласы бар ата-аналар үшін арнайы күту орындары қарастырылып, қолжетімді орта қалыптастырылды.

Жалпы аумағы 303,94 шаршы метрді құрайтын вокзал тәулігіне орта есеппен 54 жолаушыға қызмет көрсетеді. Бір мезгілде 28 адамды қабылдай алатын нысанда тоғыз қызметкер бір ауысыммен еңбек етеді. Вокзалдың технологиялық мүмкіндіктері қалааралық және қала маңындағы пойыз жолаушыларына сапалы қызмет көрсетуге бейімделген.

Боранды вокзалын жаңғырту – өңірдегі теміржол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды жұмыстардың бір бөлігі ғана. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында Борандымен қатар Түрксіб, Тараз, Шу және Отар теміржол вокзалдарын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға және теміржол саласының заманауи талаптарға сай дамуына тың серпін береді.