Сел қаупінің алдын алу – тұрақты бақылауда

0 12

Жамбыл облысында таулы аумақтардағы сел жүруі мен су тасқыны қаупінің алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес өңірдің барлық аудандарында өзен арналары мен су өткізу жүйелерін тазалауға бағытталған сенбіліктер ұйымдастырылып, қауіпті учаскелерде алдын алу шаралары қолға алынды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Осы жұмыстардың барысын бақылау мақсатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Меркі ауданына барып, Меркі өзенінің сел жүру қаупі жоғары аймақтарын аралады. Сапар барысында өңір басшысына аудан әкімі Ербол Жиенқұлов пен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы филиалының басшысы Сұлтан Ақбердиев өзен арнасының қазіргі жай-күйі, атқарылып жатқан инженерлік және алдын алу жұмыстары жөнінде баяндады.

Аймақ басшысы соңғы күндері таулы өңірлерде жауын-шашын көлемінің артуына байланысты сел жүру қаупі күшейгенін айтып, табиғи апаттың алдын алуда жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысы аса маңызды екенін атап өтті.

– Көктемгі су тасқыны кезеңі аяқталғанымен, қазіргі гидрометеорологиялық жағдай сақтық шараларын әлсіретуге негіз болмайды. Барлық жауапты органдар мен қызметтер кез келген төтенше жағдайға дайын болуы тиіс. Ең басты міндет – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан алдын алу жұмыстары үздіксіз жалғасуы қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімі жауапты сала мамандарына таулы аймақтардағы өзендердің су деңгейін тұрақты бақылауда ұстап, қауіпті учаскелерге тәулік бойы мониторинг жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар жағдай күрделенген жағдайда жедел әрекет етуге әзір болуды, елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін өзен арналары мен су өткізу құрылыстарының жай-күйін жіті қадағалауды міндеттеді. Сондай-ақ өзен арналарының су өткізу қабілетін арттыру, табиғи кедергілерді жою және тазалау жұмыстарын күшейту қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Бүгінде Жамбыл облысында сел қаупі бар 18 өзен тіркелген. Қауіпті жағдайлардың алдын алу және гидрологиялық ахуалды тұрақты бақылау мақсатында өңірдегі 8 гидробекетте тәулігіне үш мәрте мониторинг жүргізіледі.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға жедел ден қою үшін облыста екі жедел әрекет ету тобы мен бір апаттық-механикаландырылған бригада жасақталған. Бұдан бөлек, сел қаупі жоғары аумақтарда тұрғындарды сақтандыру мақсатында «Сақ болыңыз! Сел қауіпті аймақ» деген ескерту жазуы бар 14 арнайы қалқанша орнатылды. Сондай-ақ қауіпті өзендерде 56 жерүсті зерттеу жұмысы жүргізіліп, олардың нәтижелері негізінде алдын алу шаралары жүйелі түрде жалғасуда.

Табиғи апаттардың алдын алу бағытындағы мұндай кешенді жұмыстар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлардың зардабын барынша азайтуға мүмкіндік береді.