Таласта ірі жобалар көбейіп, инфрақұрылым жаңаруда

0 13

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбековтің қатысуымен брифинг өтті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инфрақұрылым және әлеуметтік саладағы атқарылған жұмыстар туралы кеңінен айтылды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Брифинг барысында аудан әкімі өңір экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, жыл басынан бері бірқатар салаларда оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті.

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты қалыптасуда. Бірқатар бағыттар бойынша өсім бар. Әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда және тұрғын үй құрылысы салаларында жақсы нәтижелер байқалады, – деді Нұрбол Жүнісбеков.

Есепті кезеңде ауданда 11,9 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,5 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмен болғанымен, спикер оның өзіндік себептері бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, өткен жылы «Talas Investment Company» серіктестігінің ірі инвестициялық жобасы аясында қомақты қаражат тартылған болса, биыл бірқатар кәсіпорындарда құрылыс жұмыстары енді басталған.

Ал бөлшек сауда көлемі 1,6 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім көрсетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5,3 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 197,4 пайызға орындалған.

Тұрғын үймен қамту бағытында да жүйелі жұмыстар жалғасуда. Жыл басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 7182 шаршы метрді құрап, өткен жылдың деңгейінен жоғары нәтиже көрсеткен.

Аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі саналатын ауыл шаруашылығы саласында да оң көрсеткіштер тіркелді. Есепті мерзімде 4,7 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,4 пайызға жеткен.

– Ауыл шаруашылығы аудан халқының әл-ауқатын арттырудағы маңызды сала болып қала береді. Сондықтан біз бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау шараларын толық пайдаланып келеміз, – деді аудан әкімі.

Брифингте инвестициялық жобаларға ерекше назар аударылды. Жалпы ауданда 2026-2029 жылдары жүзеге асырылатын құны 315,6 миллиард теңгені құрайтын 12 ірі инвестициялық жоба жоспарланған. Бұл жобалар толық іске асқанда 1320 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Биыл жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – «Talas Investment Company» серіктестігінің цианид натрий өндірісін кеңейту жобасы. Инвестиция көлемі 25,8 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтып, 300 жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар «KARATAU LIME» серіктестігі әктас өндіретін зауыт құрылысын жүргізуде. Жоба толық іске қосылғанда 60-90 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал «Құлтай Ата» шаруа қожалығы «ARTAZA» брендімен сублимацияланған сүт өнімдерін өндіретін зауыт құрылысын қолға алған.

Кәсіпкерлікті қолдау бағытында да жұмыстар жалғасуда. «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы құны 84 миллион теңгені құрайтын 12 жоба ұсынылып, олардың бесеуі қаржыландырылған. Оның ішінде тігін шеберханасы, пластикалық терезе өндірісі, сабын шығару, кілем тазалау және қоғамдық тамақтану нысандары бар.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қаржыландыру бойынша да нақты қадамдар жасалуда. Бірқатар кооперативтер жеңілдетілген несие алып, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу бағытында жұмыстарын бастап кеткен.

Ауыл шаруашылығындағы тағы бір маңызды бағыт – егіс науқаны. Аудандағы егістік алқаптарының жалпы көлемі 21,5 мың гектарды құрайды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 12 мың 750 гектар алқапқа орналастырылып, жоспар 100,7 пайызға орындалған.

Спикердің айтуынша, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Биыл 1300 гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын енгізу жоспарланған.

Құрылыс саласында да ауқымды жобалар қолға алынған. Қаратау қаласындағы бұрынғы қонақ үй ғимаратын әкімшілік нысан ретінде қайта жаңғыртуға 1,3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ Қаратау қаласынан құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын 84 пәтерлі тұрғын үй сатып алынып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілмек.

Брифинг барысында ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері де сөз болды. Қазіргі таңда аудан халқының 94,4 пайызы табиғи газбен қамтылған. Қасқабұлақ, Есейхан және Қараой ауылдарын газдандыру жұмыстары жалғасуда. Аудан басшылығы 2027 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.

Ал таза ауызсумен қамту деңгейі 99,2 пайызға жеткен. Қаратау қаласындағы Флора саяжайын ауызсумен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында биыл аудан көлемінде 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінген. Қаратау қаласы мен бірнеше ауылдық округтерде жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

салаға тоқталған Нұрбол Жүнісбеков биылғы жылдың алғашқы бес айында 1141 адамның жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылғанын айтты. Оның ішінде 509 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар жастарды қолдау бағытында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Аудандағы жастар саны 14 мыңнан асып, жалпы халықтың 30 пайыздан астамын құрайды. Жыл басынан бері жүздеген жас жұмыспен қамту шараларына қатысып, тұрақты еңбекке тартылған.

Қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне де тоқталған спикер аудандағы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,2 пайызға төмендегенін жеткізді. Жол-көлік оқиғаларының саны да айтарлықтай азайған.

Жиын соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ауданның инвестициялық әлеуеті, газдандыру жұмыстары, тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығын қолдау және жол жөндеу мәселелеріне қатысты сауалдарын қойды. Талас ауданының әкімі көтерілген мәселелердің әрқайсысына нақты жауап беріп, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жобалар мен жоспарлар жөнінде жан-жақты мәлімет ұсынды. Өз кезегінде БАҚ өкілдері өңірдің даму бағыттарына қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарына тұщымды жауап алып, ашық пікір алмасу алаңына айналған брифингтің маңызын атап өтті.