Таразда спортшы полицей 500-ден астам оқушыға есірткіге қарсы дәріс өткізді

0 18

№69 орта мектепте Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері, білім бөлімі өкілдері және Тараз қаласының «Жастар ресурстық орталығы» КММ қатысуымен оқушыларға арналған ауқымды профилактикалық кездесу өтті.

Іс-шараға 500-ден астам оқушы қатысты. Олардың қатарында құқық қорғау бағытындағы «Жас сақшы» сыныбының оқушылары да болды. Бұл сыныпта жасөспірімдер құқықтық мәдениет, тәртіп және болашақта ішкі істер органдарында қызмет ету негіздерін терең меңгереді.

Кездесудің құрметті қонағы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының взвод командирі Жексембі Жамбыл болды. Ол аралас жекпе-жектен (ММА) спорт шебері, еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер, сондай-ақ «Dubai SWAT Challenge – 2025» халықаралық жарысының қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында тактикалық атудан ҚР чемпионы болып табылады.

Кездесу барысында ол оқушыларға өзінің кәсіби және спорттық жолы туралы айтып, мықты тәртіп және мақсатқа ұмтылушылық жоғары жетістіктерге жетудің негізгі кепілі екенін жеткізді. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстанудың және зиянды әдеттерден аулақ болудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Полиция, білім беру саласының қызметкерлері және жастар ұйымдарының өкілдері оқушыларға есірткі заттарын қолданудың зиянды салдарын түсіндіріп, олардың заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертті. Сондай-ақ, оқушыларды қызықтырған көптеген сұрақтарға жауап берілді.

Іс-шара барысында ПД Кинологиялық қызметі мамандары қызметтік иттермен тыйым салынған заттарды іздеу және қылмысты анықтаудағы әдіс-тәсілдерін көрсетті.

Сонымен қатар, оқушыларға есірткіге қарсы бағыттағы бейнероликтер көрсетіліп, жасөспірімдердің өз денсаулығы мен болашағына саналы көзқарасын қалыптастыру көзделді.

Кездесу ашық диалог форматында өтті: оқушылар белсенді түрде сұрақ қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Осындай іс-шаралар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және салауатты, қауіпсіз өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.