Өңірлік кадрлық резерв — жауапкершілік пен мүмкіндіктің тоғысқан белесі

0 36

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 2024 жылы елімізде алғаш рет өткізілген өңірлік кадрлық резервке іріктеу — мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жолындағы стратегиялық қадам болды. Бұл бастама жергілікті деңгейде жаңашыл ойлайтын жас басқарушылар корпусын қалыптастыруды ғана емес, меритократия қағидатын іс жүзінде бекітуді көздеді. Осындай резервтегі мемлекеттік қызметкер ретінде мен үшін бұл жоба — жай ғана мәртебе емес, мемлекет тарапынан көрсетілген зор сенім мен ел болашағы үшін жүктелген үлкен жауапкершілік.

Іріктеу процесінің бес негізгі кезеңнен өткеннен кейін, қатысушы барлық үміткерлердің кәсіби деңгейін жан-жақты сараланды. Мен үшін әсіресе, құжат тапсыру мен заңнамалық тестілеуден кейін басталған «Құзыреттерді бағалау» кезеңі ең күрделі әрі қызықты сынаққа айналды. Топтық пікірталастар мен аналитикалық презентациялар барысында біз тек білімімізді ғана емес, күрделі жағдайларда шешім қабылдау, стратегиялық ойлау және ұсынылған жобаның өңір дамуына тигізер пайдасын негіздей алу қабілетімізді дәлелдей алдық. Әр кезеңнің қорытындысы ашық жарияланып отырды.  Үміткерлер тізімінен өз есімімді іздеген сәт әлі есімде – жауабын көргенге дейін әрі толқып, әрі мемлекеттік қызметке келуге деген ынтаны одан ары арттыра түсті. Ал құрылымдық сұхбат кезеңінде облыс әкімі бастаған комиссия алдында нақты салалық мәселелерді қорғау — кәсіби біліктіліктің нақты емтиханы болды.

Жобаның ең басты артықшылығы — резервке өткен мамандардың мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалу мүмкіндігі. Бұл тәсіл кадрлық ресурсты үнемдеп, даярлығы бар мамандарды басқару жүйесіне жедел тартуға жол ашады. Соның айқын нәтижесі ретінде, резервке өткеннен кейін 2025 жылы Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының құжаттама және бақылау бөлімшесінің басшысы лауазымына тағайындалуым — мемлекеттік саясаттың жастарға көрсеткен нақты қолдауының дәлелі.

Бүгінде менің алдымда тұрған басты міндет — артылған сенімді ақтап, халыққа қызмет ету қағидаттарын басшылыққа алу. Біз, резервшілер, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін, тыныс-тіршілігін жақсы білетін, халықпен тығыз байланыста жұмыс істей алатын мамандар. Біз мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, аймақтардағы қордаланған мәселелердің тиімді шешілуіне кепіл бола аламыз.

Тобықтай сөздің түйіні, резервші болу — бұл сенім мен жауапкершілік. Бұл жүйе мемлекетке жаңа энергия мен жаңаша көзқарас әкелгенін іс жүзінде көрсетті.  Алдағы уақытта да кәсіби дағдыларымды ұштастырып, адал еңбек ету арқылы еліміздің дамуына серпін беру — менің басты мұратым деп білемін.

Ақерке ӘСЕТ,

Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының құжаттама және бақылау бөлімшесінің басшысы.