Жаңа Конституция – ел бірлігі мен әділеттіліктің берік негізі
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын кеңінен талқылауға арналған зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Кездесуде өңір басшысы ұсынылып отырған жаңа Ата заң жобасының мазмұны мен басты бағыттарына жан-жақты тоқталып, оның ел дамуы мен қоғамдағы оң өзгерістерге негіз болатынын атап өтті. Сондай-ақ облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиевтің Конституциялық комиссия құрамында аймақ атынан ел болашағы үшін аса маңызды тарихи миссияны абыроймен атқарып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, жаңа Конституция ең алдымен адам құқығы мен бостандығын қорғауға, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған. Құжатта ел тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастық, әділеттілік қағидаттары, заң үстемдігі, сондай-ақ экология мәселелері Конституция деңгейінде нақты бекітілмек.
– Бұл – халқымыздың тарихында алтын әріптермен жазылатын саяси маңызы зор кезең. Осындай жауапты сәтте Жамбыл жұртшылығы өзінің ауызбіршілігі мен азаматтық белсенділігін танытады деп сенемін. Баршаңызды ел болашағы үшін маңызды іске жоғары жауапкершілікпен қатысуға шақырамын, – деді облыс әкімі сөзін қорытындылай келе.
Басқосуда Меркі аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жұмахан Жантелиев пен ақын, жазушы, ауданның құрметті азаматы Шырын Мамасерікова да сөз алып, Конституциялық реформа мен жаңа Ата заң жобасына қатысты өз пікірлерін білдірді. Олар ұсынылып отырған өзгерістердің қоғамды жаңғыртуға, әділетті әрі ашық мемлекет қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар Конституцияның жаңа жобасы ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдіріп, алдағы жалпыхалықтық талқылауға белсенді қатысуға дайын екендерін жеткізді.