Зейнеткерлер мен жастар үшін пойыз билеті арзандайды
Елімізде 60 жастан асқан және 15 пен 25 жас аралығындағы жолаушылар үшін пойыз билеттеріне жаңа жеңілдіктер енгізілді. Енді зейнеткерлер QURMET картасымен 25%, ал жастар KETTİK33 картасымен 33% жеңілдікке ие болады. Бұл карталар Ұлттық тасымалдаушының барлық бағыттарында бір жыл бойы жарамды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның мәліметінше, «QURMET» картасы купе, плацкарт және отыратын вагондарда орын шектеусіз билет алуға мүмкіндік береді. Ал 15 пен 25 жас аралығындағы жолаушыларға арналған «KETTİK33″ картасымен купедегі жоғарғы орындар мен отыратын вагондарға билетті арзанға рәсімдеуге болады. Карталардың құны – 3 000 теңге.
Дисконттық карталарды тек теміржол вокзалдарындағы ресми кассалардан жеке куәлік арқылы алуға болады. Жеңілдіктер кассада немесе bilet.railways.kz сайтында ғана істейді, ал екінші деңгейлі банк қосымшаларында қарастырылмаған.
Жеңілдіктер жыл сайын белгіленген кезеңде ұсынылады. Алайда мерекелік күндер мен жазғы маусымда карталардың қолданылуы уақытша тоқтатылады:
- 2026 жылғы 20-29 наурыз аралығы;
- 2026 жылғы 25-30 желтоқсан аралығы;
- Маусым-тамыз айлары.
Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы, сондай-ақ «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның ресми Instagram парақшасынан алуға болады.