Аумақтық қорғанысқа арналған жаңа казарма

0 22

Жамбыл облысында аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамына арналған жаңа казарма ел игілігіне берілді. 120 орындық заманауи ғимараттың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов пен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жауынгерлерді маңызды нысанның іске қосылуымен құттықтады, деп хабарлайды  «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Салтанатты рәсім барысында сөз алған облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдегі аумақтық қорғаныс күштерінің жауынгерлік дайындығын арттыруға және 99205 әскери бөлімінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта облыстық бюджеттен жүйелі түрде қаржы бөлініп келеді.

Биыл өңір қазынасынан 182 миллион теңге қарастырылып, аумақтық қорғаныс бригадасы үшін оқу-жаттығу жиыны өткізілді, сондай-ақ қажетті техника мен жабдықтар сатып алынды. Ал, келесі жылы бұл мақсаттарға облыстық бюджеттен 116 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр.

Шара аясында қатысушылар нысанның лентасын қиып, жаңадан салынған казарма ғимаратын аралап көрді. Сонымен қатар, әскери техниканың көрмесі ұйымдастырылып, оның мүмкіндіктерімен таныстырылды.

Жалпы құны 2,2 миллиард теңгені құрайтын казарманың құрылысы 2024 жылы басталып, белгіленген мерзімде толық аяқталған. Қазіргі таңда аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы жаңа әрі қолайлы ғимаратқа толықтай қоныстандырылды.

Жауынгерлер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес облыс аумағындағы стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету және қорғау міндеттерін орындауға кірісіп, өңір қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет етуде.