Әкесіне еліктеп, әскери қызметті таңдады

0 16

Отанды қорғау – әрбір азамат үшін қасиетті парыз, ел алдындағы ең биік жауапкершілік. Бұл ұғым тәуелсіз мемлекеттің тұтастығын, тыныштығы мен бейбіт өмірін сақтауға бағытталған адал қызмет пен шынайы патриотизмді білдіреді. Қазақ халқының тарихында ел мен жер үшін жанын пида еткен ерлер мен өр рухты аналардың ерлігі өшпес өнеге болып қалды. Бүгінгі буын сол аманатты абыроймен жалғап келеді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Солардың бірі – әскери қызметті өмірлік мұрат еткен, әке жолын жалғаған ару, 2-сыныпты сержант Динара Кенжебайқызы Сүлейменова. Ол қазіргі таңда Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде персоналдармен жұмыс жөніндегі бөлімде қызмет атқарады. Бұл салада табан аудармай 18 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан кейіпкеріміз әскери антқа адалдығын ісімен дәлелдеп жүр.

Динара Кенжебайқызы 1986 жылдың 20 шілдесінде әскери отбасында дүниеге келген. Әкесі – Кенжебай Әмірғалиұлы, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде 37 жылдан астам уақыт абыройлы қызмет атқарып, бүгінде запастағы полковник, зейнеткер. Бала кезінен әскери гарнизондарда өсіп, офицерлік өмірдің тәртібі мен талабын ерте бойына сіңірген Динара үшін бұл таңдау кездейсоқ емес.

Әскери қызметке бет бұруыма әкемнің ықпалы орасан зор. Ол – өз ісіне адал, жауапкершілікті терең түсінетін, білімді әрі талапшыл офицер. Әкемнің киген формасына қарап, бір күні мен де сол киімді киемін деп армандадым. Сол арманым мені осы жолға жетеледі, – дейді ол.

Кейіпкеріміз 2006 жылы медициналық колледжді «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша тәмамдайды. Ал, 2007 жылы Астана қаласындағы республикалық «Жас ұлан» мектебіне орналасып, әскери қызметке шақырылады. Кейіннен білімін жетілдіру мақсатында 2011 жылы Қазақ инженерлік-техникалық академиясын «Есеп және аудит» мамандығы бойынша, 2017 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтайды.

Үш түрлі салада білім алғанына қарамастан, Динара Кенжебайқызы жүрек қалауына жақын әскери қызметті таңдады. Бүгінде ол – үш баланың аяулы анасы, қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүрген іскер әскери маман.

Қызмет барысында 2-сыныпты сержант Динара Сүлейменова ұқыптылығы, тиянақтылығы және жоғары жауапкершілігімен ерекшеленеді. Персоналдармен жұмыс жөніндегі бөлімнің қызметін жетік меңгерген ол әріптестері арасында зор құрметке ие.

Әскери формадағы қазақ қызының бойынан нәзіктік пен парасаттылықты, инабат пен табандылықты қатар көру – шынайы мақтаныш. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген Динара Кенжебайқызы сынды арулар – Тәуелсіз Қазақстан армиясының айбынды бейнесі.

Әке аманатын ардақтап, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген білікті әскери маманның болашағы жарқын екеніне сенім мол.