Жол ережесі – баршаға ортақ талап
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері көлік құралдарын тоқтату және қою қағидаларын бұзу деректерін анықтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бұл ретте негізгі басымдық айыппұл салуға емес, жүргізушілерге түсіндіру және алдын алу шараларына бағытталуда, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Жол жағдайын бақылау барысында қоғамдық орындар, базарлар мен сауда үйлерінің маңында жол қозғалысы ережелерін бұза отырып, көлік құралдарын бей-берекет қою фактілері анықталды. Мұндай заңбұзушылықтар жол жүрісіне кедергі келтіріп, басқа қозғалысқа қатысушыларға қолайсыздық туғызады.
Өткізілген іс-шара аясында басты назар түсіндіру жұмыстарына аударылды. Полиция қызметкерлері ең алдымен көлік иелеріне рұқсат етілмеген жерге қойылған автокөліктерді алып кету жөнінде «SMS»-хабарламалар жолдап, оқиға орындарында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тек полицияның заңды талаптарын елемеген 5 жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар шамамен 70 автокөлік иесіне жол қозғалысы ережелерінің талаптары түсіндіріліп, профилактикалық жадынамалар таратылды.
Өткен жылы көлік құралдарын тоқтату немесе қою қағидаларын бұзғаны үшін 1040 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция – жазалаушы орган емес. Қабылданып жатқан барлық шаралар тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.