Пациент мүддесі – басты назарда

0 11

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек пен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетованың қатысуымен баспасөз брифингі өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Брифинг барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде енгізіліп жатқан негізгі өзгерістер, пациенттердің кеңейтілген мүмкіндіктері және өңірдегі сақтандырумен қамту деңгейі жан-жақты түсіндірілді.

Сержан Сәрсенбекұлының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде медициналық көмектің бірыңғай пакеті кезең-кезеңімен қалыптастырылуда. Бұл сақтандыруға негізделген денсаулық сақтау моделіне толық көшуге мүмкіндік береді.

– Кепілдендірілген медициналық көмек көлемінің өзгеруі қызметтердің қысқаруын білдірмейді. Барлық қажетті медициналық көмектер сақталады. Қызметтер жойылған жоқ, тек қаржыландыру көзі өзгерді, – деді басқарма басшысы.

Соның ішінде, балалар церебральды сал ауруы (БЦСА) бар пациенттерге көрсетілетін қызметтердің МӘМС жүйесіне ауысуына ерекше тоқталды. Спикердің сөзінше, БЦСА-мен ауыратын балалар медициналық көмекті бұрынғыдай толық көлемде ала береді. 18 жасқа дейінгі балалар автоматты түрде сақтандырылған, ал, 18 жастан кейін мүгедектік, жұмыссыздық, студенттік мәртебе сияқты қорғаныс тетіктері қарастырылған.

Өз кезегінде Ғайни Аймағанбетова МӘМС жүйесіндегі әлеуметтік қолдаудың күшейтілгенін атап өтті. Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап әлеуметтік осал «D» (дағдарыстық) және «E» (шұғыл) санаттарына жататын азаматтардың жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады.

– Бұл санаттар жеңілдік алушылар емес, табыс деңгейіне байланысты әлеуметтік осал деп танылған жаңа топтар. Мемлекет бұл азаматтарды медициналық көмексіз қалдырмайды, – деді ол.

Брифингте өңірдегі нақты статистикалық деректер де келтірілді. Бүгінде Жамбыл облысында медициналық ұйымдарға тіркелген халық саны 1,17 миллион адамнан асады. Оның 80 пайыздан астамы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша сақтандырылмаған пациенттер саны айтарлықтай азайған. Мәселен, қант диабеті, ревматизм, гепатиттер және БЦСА бойынша көрсеткіштерде тұрақты оң динамика байқалады.

Спикерлер сондай-ақ уақытша қаржылық қиындыққа тап болған азаматтар үшін сақтандырылған мәртебені 6 айға дейін сақтап қалу мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Бұл жүйеге тұрақты қатысатын азаматтарды қолдауға бағытталған маңызды шешім екені айтылды.

Бұдан бөлек, 2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтердің барша азаматтар үшін тегін болатыны, ал әлеуметтік мәні бар бірқатар ауруларға күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмектердің ақысыз көрсетілетіні хабарланды.

Брифинг соңында БАҚ өкілдері МӘМС жүйесіне қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қойып, спикерлерден нақты әрі тұщымды жауаптар алды. Көтерілген мәселелердің барлығы халық үшін өзекті екенін айтқан сала басшылары алдағы уақытта да түсіндіру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.