Меркіде архив ісінің жаңа белесі басталды

0 11

Меркі ауданында аудандық мемлекеттік архивтің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бұл – соңғы отыз жылда архив саласы үшін салынған алғашқы арнайы нысан.

Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, облыс әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалқар Амантұров, архив саласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

– Архив – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Аудан тарихын, ел шежіресін сақтауда архивтің орны айрықша. Жаңа ғимарат қызметкерлердің жұмысына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, тарихи құжаттардың сақталу сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді құттықтау сөзінде аудан әкімі Ербол Жиенқұлов.

Өз кезегінде цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалқар Амантұров архив ісін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, құжаттарды цифрландыру мен халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыру басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Архив саласының ардагерлері мен құрметті қонақтар да жылы лебіздерін білдіріп, жаңа нысанға ақ баталарын арнады.

Жаңа архив ғимараты заманауи талаптарға толық сай жабдықталған. Мұнда қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалып, құжаттарды сақтауға арналған арнайы үш қойма қарастырылған. Қауіпсіздік жүйелері толық орнатылып, нормативтік талаптар қатаң сақталған.

Ашылу рәсімінен кейін архив саласын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиын барысында архив қорларын цифрландыру, құжаттарды сақтау сапасын арттыру, сондай-ақ тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін кеңейту жайы жан-жақты талқыланды.

Жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі – өңірдегі архив саласының дамуына серпін беретін маңызды қадам.