Жаңа жылдан бастап ел азаматтары жеке куәлікті тегін алады
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ел азаматтары жеке куәлік алғанда немесе ауыстырғанда төленетін баж салығынан босатылады. Ішкі істер министрлігінің бастамасымен енді қазақстандықтар жеке куәлікті тегін алып, ауыстырады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Қазір паспорттарды электронды түрде рәсімдеу мүмкіндігі тек ел ішінде емес, шетелдерде де қолжетімді. Бұл қызмет 71 елдегі 99 шетелдік мекемеде іске асырылған. Шетелде жүрген қазақстандықтар енді паспортты бұрынғыдай 6 ай күтпей, небәрі 30 күн ішінде ала алады.
Бүгінде елімізде халықты құжаттандырудың бірыңғай жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе арқылы азаматтарға жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) беріледі, жеке куәлік пен паспорттар рәсімделеді, сондай-ақ азаматтарды тіркеу (тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу) жүзеге асырылады.
Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов келер жылдан жеке куәлікті тегін беру, ауыстыру ісі құжат алу рәсімін жеңілдетіп, азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталғанын атап өтті.