Бектенов көлік инфрақұрылымын дамыту шараларын жеделдетуді тапсырды

0 10

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов сауда-логистикалық хабтарды дамыту үшін қажетті инфрақұрылымды құру жөніндегі жұмысты жеделдету қажет екеніне назар аударды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Үкімет басшысы Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі көлік торабына айналдыру туралы Президент тапсырмасын еске салып, сауда-логистикалық хабтарды құру трансшекаралық экономикалық байланыстарды дамытудың маңызды стратегиялық бағыты екенін атап өтті.

«Қазір транзиттік бағыттар мен инвестициялар үшін бәсекелестік күшейіп келеді. Осыған орай бізге жерүсті көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіптік кооперация мен сауда желілерін жедел дамыту қажет», деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Олжас Бектенов трансшекаралық хабтарды дамыту ісінде жүйелі көзқарас пен саладағы жобалардың жүзеге асыру барысын тұрақты мониторинг жасау маңызына тоқталды.

«Аталған жобалар капитал мен жаңа өндірістерді тарту орталықтарына айналады. Осыған байланысты жұмыс қарқынын күшейтіп, барлық тараптың өзара іс-қимылын жақсарту қажет. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді үйлестіруі керек», деді Үкімет басшысы.

Үкімет транзиттік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін бизнеске қолайлы жағдай жасап, трансшекаралық хабтардың инвестициялық тартымдылығын арттыруды да көздеп отыр.

«Атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымның дайындығын қамтамасыз ету, арнайы экономикалық аймақтар құру, рәсімдердің ашықтығы және мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жедел әрекет етуі сияқты мәселелерді шешуге басымдық берген жөн», деп тапсырды Премьер-министр.