«KGIR-2025»: Жамбыл облысы инвесторлармен ірі келісімдерге қол жеткізді

0 153

Астанада өткен жаһандық инвестициялар жөніндегі VIII қазақстандық дөңгелек үстелге (KGIR-2025) Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған облыс делегациясы қатысып, өңірдің экономикалық әлеуетін таныстырды. Форум барысында Әулиеата өңірі шетелдік және отандық инвесторлармен бірқатар ірі келісімдерге қол жеткізіп, жаңа жобаларды жүзеге асыру бағытында маңызды уағдаластықтарға қол қойды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Іс-шара аясында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов жетекші халықаралық компаниялардың өкілдерімен кездесіп, еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін талқылады. Солардың ішінде ерекше назар Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша тігінен интеграцияланған өнеркәсіптік парк құру бастамасына аударылды. Ербол Қарашөкеев бұл жобаның өңір үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, Жамбыл жерінде өндірісті сәтті іске асыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылым мен барлық қажетті ресурс бар екенін айтты.

Қытайдың «Fufeng Group» компаниясы жүзеге асыратын бұл бастама Орталық Азиядағы жүгеріні терең өңдейтін ең ірі кәсіпорын болмақ. Жобаның жалпы құны шамамен 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы алғашқы кезеңде 500 мың тоннадан 1 миллион тоннаға дейін жетіп, болашақта 3 миллион тоннаға дейін ұлғайтылады. Өндіріс іске қосылған кезде 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт толықтай отандық шикізатты пайдалана отырып жұмыс істейді.

«Fufeng Group» директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчунь Қазақстанда инвесторларға жасалып отырған қолайлы жағдайды жоғары бағалап, жобаның «жылдам дәліз» тетігі арқылы жүзеге асырылуы ел экономикасына серпін беретінін айтты. Айта кетейік, «KGIR-2025» аясында Ли Сюэчунь Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің қолынан «Үздік инвестор» марапатын алды.

Форум шеңберінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек бірқатар маңызды меморандум мен келісімге қол қойды. Бұл құжаттар өңірдің өнеркәсіп, энергетика және агроөнеркәсіп салаларындағы жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Атап айтқанда, Жамбыл облысы әкімдігі, «Алель Агро» АҚ және Қытайдың «Shandong Guangming Biotechnology Co., Ltd.» компаниясы арасында бройлер құс фабрикасын салу жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Инвестиция көлемі 15 миллион АҚШ долларын құрайтын кәсіпорын жыл сайын 45 миллион инкубациялық жұмыртқа өндіруге және 75 мың тоннаға дейін дайын ет шығаруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, облыс әкімдігі отандық және шетелдік инвесторлармен жалпы құны 272,2 миллион АҚШ долларына тең бірнеше ірі жобаны жүзеге асыру жөнінде келісімдерге қол қойды. Олардың қатарында қуаты 150 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу (140 миллион доллар), электр жабдықтарын өндіретін зауыт құрылысы (33,5 миллион доллар), қуаты 50 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу (60 миллион доллар), ауылшаруашылығы техникасын шығаратын зауыт салу (5,2 миллион доллар) және ауылшаруашылығы техникасын өндіру жобасы (18,5 миллион доллар) бар.

«KGIR-2025» аясында Әулиеата өңірінің делегациясы инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру және жаңа технологияларды енгізу мәселелері бойынша халықаралық серіктестермен панельдік сессиялар мен кездесулерге қатысты. Форум қорытындысында Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының инвесторлар үшін сенімді әріптес екенін атап өтіп, басты мақсат қолайлы бизнес-орта қалыптастырып, өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеру екенін айтты.

– Әрбір жаңа жоба – жаңа жұмыс орны, табыс көзі және тұрғындардың өмір сапасын арттыру жолындағы нақты қадам. Біз өңірдің әлеуетін толық пайдаланып, Әулиеатаны инвестиция мен инновацияның орталығына айналдыруға ниеттіміз, – деді облыс әкімі.

«KGIR-2025» форумы Жамбыл облысы үшін жаңа серіктестік мүмкіндіктерінің есігін ашып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын айқын көрсетті.