Мемлекет басшысы телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашты

0 10

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушыларды зауыттың ашылуымен құттықтап, бұл еліміздегі машина жасау саласын дамыту бағытындағы өте маңызды қадам екеніне назар аударды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын Қостанайға сапары кезінде KIA Sportage автокөлігінің өндірісі іске қосылғанын еске салды. Бүгін Kia Motors корпорациясымен жасалған келісімге сәйкес зауыт ашылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев KIA Corporation президенті Хо-сунг Сонгқа және компанияға шынайы ризашылығын білдіріп, ауқымды жұмыс атқарылғанын, нәтижесінде өзара тиімді және жемісті байланыс нығая түскенін атап өтті.

«Жалпы, бүгінгі айтулы оқиға Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестік пен табысты қарым-қатынастың жарқын көрінісі екені анық. Корея Республикасы – Қазақстанның Азиядағы сенімді әріптесі. Біз ынтымақтастығымызды күшейте түсуге мүдделіміз. Қазір Қазақстанда Кореяның 800-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде автокөлік жасау саласын өзара тиімді ықпалдастық көзі деп айтуға толық негіз бар. Бүгін ашылып жатқан бірегей зауыт – соның айқын дәлелі. КІА корпорациясы автомобиль шығаратын әлемдегі 10 ірі компанияның қатарына кіреді. Сондай-ақ КІА – Қазақстан азаматтары ең көп сатып алатын үш көлік маркасының бірі. KIA брендінің атауы «көтеріліп келе жатқан» және «Азия» деген екі иероглифтен құралуының символдық мәні бар. Шын мәнінде, компания Азияның жаңа экономикалық өрлеуі мен гүлденуінің жарқын көрінісіне айналды. KIA – келешектің корпорациясы. Кәсіпорын шығаратын автокөліктерде озық технология, тартымды дизайн және жоғары деңгейдегі сенімділік үйлесім тапқан», деді Президент.