Бір палаталы Парламентке өту халықаралық үрдіске толық сай келеді
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысында сөз сөйледі, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент өз сөзінде бір ел болып саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып, елімізде түрлі бағытта ауқымды өзгерістер жасалып жатқанын атап өтті.
«Осы өзгерістер жалғасын табуы керек. Бір орында тұрып қалуға болмайды. Мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту стратегиясын «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай жүргізе беру маңызды. Бұл – елімізде Президенттік билік жүйесінің тиімділігі сақталады деген сөз. Жалпы, бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді. Әлем елдерінің үштен екісінде осындай парламенттік жүйе қалыптасқан. Дәл қазір бізге керегі – ортақ ұстаным және парасатты, салмақты ұсыныс. Сондықтан барлық ой-пікірді, ұсынысты мұқият зерттейміз, егжей-тегжейлі қараймыз», деді Қ.Тоқаев.