Адал кәсіпкерлік — мемлекеттің қорғауында
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Самат Қойбақовтың қатысуымен брифинг өтті. Онда департаменттің кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында атқарып жатқан жұмыстары мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен өзара іс-қимылы туралы кеңінен айтылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Самат Базарханұлының айтуынша, департамент Мемлекет басшысының және Қаржылық мониторинг агенттігі басшылығының тапсырмаларына сәйкес, сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, адал кәсіпкерлерді қылмыстық процеске тартпау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
– Бүгінгі күні кез келген процессуалдық әрекет тек алдын ала талдау және нақты дәлелдер болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Адал кәсіпкерлердің ісіне орынсыз араласуға жол берілмейді. Бұл — біздің басты ұстанымымыз, – деді спикер.
Брифинг барысында Қойбақов мырза департамент жанынан құрылған талдау орталығының жұмысымен де таныстырды. Бұл орталық қаржы пирамидалары, салықтан жалтару, мемлекеттік сатып алудағы заң бұзушылықтар және басқа да көлеңкелі әрекеттерге қатысты алдын ала ақпарат жинап, талдау жасайды. Алынған деректер уәкілетті органдармен тексеріліп, нақты шаралар қабылданады.
– Қылмыстық істер енді тек мемлекеттік бюджетке нақты залал келгені дәлелденген жағдайда ғана қозғалады. Бұл – адал кәсіпкерлердің еркін әрі кедергісіз жұмыс істеуіне берілетін кепіл, – деді ол.
Сонымен қатар, департамент процессуалдық әрекеттердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында барлық тергеу бөлмелерін бейнебақылау жүйесімен жабдықтаған. Кез келген тергеу әрекеті арнайы жүйеде тіркеліп, оның уақыты мен өткізу тәртібі қатаң қадағаланады.
Брифингте облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының серіктестігі жоғары деңгейде екені айтылды. Екі тарап 2024 жылы — 38, ал 2025 жылдың осы кезеңінде 5 бірлескен іс-шара ұйымдастырған. Бұл кездесулерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қауіпсіздігі, қаржылық пирамидалармен күрес, ауылшаруашылығына арналған жанармай жеткізу және көлеңкелі экономиканы азайту сияқты тақырыптар талқыланған.
– Біздің мақсатымыз — кәсіпкерлікті қорғау арқылы аймақтың экономикалық тұрақтылығын нығайту. Адал кәсіпкер – ел дамуының тірегі, – деді Самат Базарханұлы.
Бүгінде департамент өкілдері Өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында ай сайын кәсіпкерлерді жеке қабылдап, нақты мәселелерді шешуге атсалысуда. Сонымен қатар, дөңгелек үстелдер мен салалық уәкілетті органдардың қатысуымен кездесулер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Бұл – мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалогтың нақты көрінісі.
Брифинг соңында БАҚ өкілдері спикерге кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау, заңнамалық кепілдіктер және көлеңкелі экономикамен күрес шаралары туралы сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.
– Біз заң шеңберінде әрекет етіп, кәсіпкерлерге ашық әрі әділетті орта қалыптастыруға бар күшімізді саламыз. Әрбір бизнес субъектісінің еркін жұмыс істеуі – ел болашағының кепілі, – деп түйіндеді Самат Қойбақов.