Өңірімізде 300 миллиард теңгеге 20 агрожоба іске асады

0 231

2025–2027 жылдары облысымызда ауылшаруашылығы саласын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Жалпы құны 300 миллиард теңгеден асатын 20 ірі агрожоба өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып, заманауи технологияларды енгізуге және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жаңа бастамалар қатарында өңірде алғаш рет соя мен бұршақ дақылдарын өсіру қолға алынды. Атап айтқанда, 15 гектарға соя, 238 гектарға бұршақ егілді. Бұл үшін Мексикадан элиталық тұқымдар жеткізілген. Жаңа дақылдар жергілікті климатқа бейімделіп, болашақта экспорттық бағытта да сұранысқа ие болуы мүмкін.

Аграрлық салада дәстүрлі бағыттар да назардан тыс қалған жоқ. Жақын күндері Байзақ ауданында қуаттылығы жылына 1 миллион тонна болатын заманауи қант зауытының құрылысы басталады. Бұл жоба өңірдегі қант қызылшасын өндіру саласын жаңа деңгейге көтеріп, жергілікті шаруаларға тұрақты өткізу нарығын қалыптастырады деп күтілуде.

Жалпы, облыстың ауылшаруашылығы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Биыл саланы дамытуға 48,2 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,8 пайызға артық. Биылғы жылдың алғашқы 8 айында өңір диқандары 214,2 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Егіс алқаптарының көлемі 640 мың гектарға дейін ұлғайып, биылғы күтілетін өнім көлемі шамамен 3,8 миллион тоннаны құрайды.

– Ауылшаруашылығы Жамбыл облысы экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналуда. Біз тек өндіріс көлемін ұлғайтуды ғана емес, өңірді аграрлық инновациялар орталығы ретінде нығайтуды да мақсат етіп отырмыз, – дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.

Ауылшаруашылығына бағытталған бұл кешенді шаралар өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, аграрлық салада жаңа белестерге жол ашары сөзсіз.