Боксты ұлттық спорт деңгейіне көтеруіміз керек

0 6

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Әлем чемп­иона­тының жеңім­паздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Президент Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін Әлем чем­пионатындағы тамаша жеңісі­мен құттықтап, бұл еліміз үшін тарихи оқиға, халқымыз үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті.

– Қазақстан 68 мемлекеттің арасынан үздік шығып, бірінші орынға ие болды. Әлемдік бәсекеде Әнұранымыз жеті рет шырқалды, Көк туымыз жеті рет желбіреді. Барша жұртымыз сіздерге тілеулес болды. Әрине, кілең мықтылар жиналған жаһандық аламанда топ жару оңай емес. Бұл жетістік жылдар бойғы табанды еңбекпен, маңдай термен келгені анық. Біздің ұл-қыздарымыз бокстың отанына барып, өздерінің нағыз мықты спортшы екенін дәлелдеді. Санжар Тәшкенбай және Махмұд Сабырхан әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбайдың ерекше өнеріне жаһан жұрты тәнті болды. Боксшы қыздарымыз әлемдік жарыста шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева және Наталья Богданова алтын медаль алып, жеңіс тұғырына көтерілді. Назым Қызайбай шаршы алаңға бірінші болып шығып, елімізге ақжолтай жүлде әкелді. Виктория Графеева және Елдана Тәліпова қола медаль жеңіп алды. Мен барша­ңыз­ға шынайы ризашылығым­ды білдіремін. Қайрат Сәтжанов, Елдос Сайдалин бастаған бап­­керлерге және басқа да маман­дарға зор алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық Олим­пиада комитеті көп жұмыс атқар­ғанына тоқталып, Қазақстан Бокс федера­циясының еңбегін ерекше атап өтті.

– Біз үшін жекпе-жек спортының орны қашанда бөлек. Соның ішінде әйгілі Шоқыр Бөлтекұлы негізін қалаған қазақ боксының өз тарихы бар. Өткен ғасырдың ортасынан бері көптеген спортшымыз әлемді мойындатты. Тәуелсіздік кезеңінде аға буынның даңқты жолы үзілген жоқ. Жазғы олимпиада ойын­дары­­нан ел қоржынына түскен 15 алтын­­ның жетеуі боксшыларға тиесілі. Бұл сабақ­тастық болашақта лайықты жалға­сын табады деп сенеміз. Оған барлық мүмкіндік бар, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жастар­­дың спортпен шұғылдануына жағ­­дай жасалғанын, инфрақұрылымды жақ­­сар­туға баса мән беріліп жатқанын айтты.

– Балаларға арналған жаттығу залдары, үйірмелер ашылып жатыр. Ауылдық жерлерде заманға сай спорт кешендері бой көтеріп жатыр. Менің тапсырмаммен биыл Ұлттық спорт университеті ашылады. Боксты дамытуға арналған нақты шаралар қолға алынып жатыр. Жалпы, еліміздің бокстағы әлеуеті орасан зор. Мұны әлемдік спорт қауымдастығы да мойындайды. Спортшыларымыз – өте дарынды, әлем чемпиондары аз емес. Сондықтан мемлекет боксқа басымдық беріп, оны ұдайы назарда ұстайды. Осы бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргі­зі­луге тиіс. Біз боксты ұлттық спорт дең­гейіне көтеруіміз керек. Бұл – өте маңыз­ды міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, World Boxing аясында алғаш рет өткен Әлем чемпионатындағы нәтиже – Ұлттық құраманың бірлескен жұмысының жемісі. Боксшылар, бапкерлер, менеджерлер, спорт дәрігерлері мен басшылар бірігіп, бүгінгі жетістікке жетті.

– Сондықтан жеңіс тұғырынан көрін­ген спортшылармен қатар, бұл айту­лы жеңіске үлес қосқан әрбір азаматты құр­меттеуіміз керек. Бокстағы жоғары бәсе­келестікті, сондай-ақ оны дамы­тудың заманауи үдерістері пайда бол­ғанын ескере отырып, Ұлттық құра­маны даярлауға кәсіби мамандарды тартып, озық инновациялық шешімдерді белсенді енгізу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты спорт­шы Геннадий Головкинге бокс­ты Олимпиада ойындарының бағдар­ламасына қайтаруға атсалысқаны үшін ризашылығын білдірді.

– Әлемдік сайыста ел намысын қорғау – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Сіздердің жеңістеріңіз жастардың спортқа деген құлшынысын арттырады. Спортшыларымыз ұлт саулығын жақсартуға үлес қосып жатыр деп айтуға болады. Чемпион болу – ел мерейін асыру деген сөз. Спортшылардың даңқы – барша халықтың даңқы. Олардың мәртебесі – бүкіл мемлекеттің мәртебесі. Сондықтан спортшыларымыздың әр жетістігін мақтан тұтуымыз керек. Бір ел болып чемпиондарымызды ұлықтап, олардың еңбегін жоғары бағалап, қоғамда жан-жақты дәріптеуіміз қажет. Мұның бәрі спортты насихаттап, саламатты қоғам құру үшін өте маңызды. Мемлекет сіздерді әрдайым қолдайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы әлемге әйгілі спортшы болу үлкен жауапкершілік жүктейтініне, жастардың чемпиондарға қарап бой түзейтініне назар аударды. Сондықтан сөзбен, іспен, күнделікті мінез-құлық, жүріс-тұрыспен, әдеп-дағдымен көпке үлгі болу өте маңызды деп атады.

– Жастарды отаншыл, еңбекқор, білімпаз, тәртіпті, жинақы, ұйымшыл, жанашыр болуға баулу керек. Мен сіздерді чемпион деген атқа лайық еліміздің мықты спортшылары деп есептеймін. Жалпы, үлкен спортта биікке көтерілу оңай емес екені белгілі. Ал сол биікте қалу – одан да қиын жұмыс. Сондықтан жеткен жетістікке масайрап, босаңсуға болмайды. Алдымызда тұрған үлкен белес – Лос-Анджелестегі жаһандық дода. Олимпиаданың жеңіс тұғырына шығу – әр спортшының арманы. Бүкіл Қазақстан халқы сіздерге сенеді, үміт артады. Ел сенімін ақтау үшін қазірден бастап дайындыққа кірісу керек. Мен Ұлттық құраманың осы жеңісін Олимп шыңына бастайтын маңызды қадам деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты басқосуда Әлем чемпиондары Айбек Оралбай мен Наталья Богданова сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы Ливерпуль қаласында өткен ерлер мен әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпиона­тындағы (World Boxing) жоғары жетіс­тіктері үшін бір топ спортшы мен бапкерді марапаттады.

«Құрмет» орденімен:

  1. Қарағанды облысы дене шынық­тыру және спорт басқармасы Жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің бокстан жаттықтырушысы Ислам Әбдірайымов;
  2. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері коми­теті Спортты дамыту дирекция­сының нұсқаушы-спортшысы Аида Әбікеева;
  3. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері коми­теті Спортты дамыту дирекция­сының нұсқаушы-спортшысы Алуа Балқыбекова;
  4. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясы­ның нұсқаушы-спортшысы Наталья Богданова;
  5. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы Жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің бокстан жаттықтырушысы Дастан Қабденов;
  6. Туризм және спорт министр­лігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирек­циясының бокстан жаттықтырушысы Нұржан Насанов;
  7. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері ко­митеті Спортты дамыту дирекция­сының нұсқаушы-спортшысы Айбек Оралбай;
  8. Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы № 12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Ілияс Оралбеков;
  9. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясы­ның нұсқаушы-спортшысы Махмұд Сабырхан;
  10. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекция­сының нұсқаушы-спортшысы Төрехан Сабырхан;
  11. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Спортты дамыту дирекциясы бокстан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Елдос Сайдалин;
  12. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Спортты дамыту дирекциясы бокстан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов;
  13. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекция­сының нұсқаушы-спортшысы Санжар Тәшкенбай марапатталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалі:

  1. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекция­сының нұсқаушы-спортшысы Виктория Графееваға;
  2. Алматы қаласы спорт басқармасы № 6 Олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер мамандандырылған мектебінің жаттықтырушы-оқытушысы Нұрлан Мұхамбетқалиевке;
  3. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекция­сының нұсқаушы-спортшысы Елдана Тәліповаға берілді.

Қазақстан Республикасы Президентi­нiң Алғысы:

  1. Туризм және спорт министр­лігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирек­циясының бокстан жаттықтырушысы Асқар Еркебаевқа;
  2. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекция­сының нұсқаушы-спортшысы Назым Қызайбайға;
  3. Туризм және спорт министр­лігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының бокстан жаттықтыру­шысы Долкунжан Камековке жарияланды.