Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация басталады
Елімізде 2025–2026 жылдарға арналған эпидемиологиялық маусымға дайындық шаралары басталды. Осыған байланысты еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері арнайы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.
Қаулыда халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық шаралар кешені көзделген. Атап айтқанда, 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап тұрғындарды тұмауға қарсы вакцинациялау басталады.
Медициналық ұйымдарда кіреберісте сүзгілердің жұмысы қамтамасыз етіледі, сонымен қатар маска тағу және антисептиктерді пайдалану міндеттеледі.
ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілері байқалған жүкті әйелдерге және бір жасқа дейінгі балаларға үйге келіп, бірінші кезекте медициналық қызмет көрсету тәртібі енгізіледі.
Мектепке дейінгі мекемелерде күн сайын таңертең балалардың денсаулығын тексеру (таңертеңгі сүзгі) жүргізіледі. Ауру белгілері бар балалар балабақша ұжымынан оқшауланады.
«Орта білім беру ұйымдарында бір сынып оқушыларының 20–30%-ы бір инкубациялық кезең ішінде ЖРВИ-мен ауырса, онда кабинеттік оқыту жүйесі тоқтатылып, 10 күн бойы жаңа оқушылар сыныпқа қабылданбайды. Егер мектептегі оқушылардың жалпы санының 30%-ы және одан көп бөлігі ауырса, мектеп онлайн оқыту форматына көшіріледі», деп түсіндірді комитеттің баспасөз қызметі.
Аталған шаралар 2025–2026 жылдардағы вирустық инфекциялардың таралу қаупін төмендетуге, халықтың денсаулығын сақтауға және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қаулының толық мәтінімен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми сайтында танысуға болады.