Жамбылда жылыту маусымына дайындық қарқынды жүргізілуде
Жамбыл облысында 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте белгілі болды. Кеңес барысында өткен маусымның қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге қойылатын міндеттер нақтыланды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Алтишевтің мәліметінше, 2024–2025 жылғы жылыту маусымы 14 сәуірде аяқталған. Маусым бойы өңірдегі 9 жылу энергетика кешені мен 593 автономды қазандық штаттық режимде жұмыс істеп, 1737 әлеуметтік нысан мен 1646 көпқабатты тұрғын үй жылумен үздіксіз қамтамасыз етілген.
Жылу маусымында тұрғындарға 144,8 мың тонна, автономды қазандықтарға 61,3 мың тонна көмір жеткізіліп, қатты отын тапшылығы тіркелмеген. Сонымен қатар, 160 технологиялық ақау дер кезінде қалпына келтіріліп, жылу желілері толықтай гидравликалық сынақтан өткізілген.
Жаз айларында Тараз қаласындағы 1025 көпқабатты үйдің 921-іне ыстық су берілген, қалған 104 үйде жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ыстық су беріледі.
2025–2026 жылғы маусымға дайындық жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 616 автономды қазандықта, 1831 көпқабатты үй мен 1767 әлеуметтік нысанда қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, облыстағы жылу желілерінің ұзындығы 350,7 шақырымды құрайды, алайда олардың 54 пайызы тозған.
Осы орайда биыл 12,75 шақырым жылу желісіне жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «М-1» жылу магистралінің 1,5 шақырымы мен «М-3» желісінің 0,65 шақырымы қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар, 15-шағынаудандағы желілер 0,5 шақырымға кеңейтіледі. Облыс орталығынан бөлек, Жаңатас қаласында – 0,9 шақырым, Қаратауда – 2,7 шақырым жылу желісі жөнделуде. Бұдан бөлек, кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламалары аясында 6,5 шақырым желіге ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілмек.
Осы шаралардың нәтижесінде жыл соңына дейін жылу желілерінің тозу деңгейі 53 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.
Келер маусымда 191,2 мың тонна көмір қажет болады. Оның 56,3 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға, 134,9 мың тоннасы тұрғындарға арналып жеткізілуі тиіс.
Аппараттық кеңес барысында Тараз қаласы мен аудан әкімдері, сондай-ақ әлеуметтік салаға жауапты басқарма басшылары алдағы жылыту маусымына дайындық туралы есеп берді. Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының әкіміне «М-1» және «М-3» жылу магистральдары мен 15-шағынаудандағы желілерді уақытылы жаңғыртуды ерекше бақылауға алуды тапсырды. Жөндеу жұмыстарының сапалы орындалуы мен тұрғындарға қолайсыздық тудырмауы да назардан тыс қалмады.
Кеңесте сондай-ақ облыс әкімінің Мойынқұм ауданындағы халықпен кездесуі барысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы да қаралды. Кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға 1 шілдеге дейін қатты және дизель отыны бойынша келісімшарттарды жасасу, жылыту маусымына толық дайындықты қамтамасыз ету, тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету міндеті жүктелді.