Болашақ сардарлар сап түзеді

0 285

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында 200-ден астам курсантты қамтыған «Сардар» курсының салтанатты жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Іс-шара оқу орталығы болып табылатын «Али» базасында ұйымдастырылды. Салтанатты рәсімге Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Күжекбаев арнайы қатысып, түлектерге курсты аяқтағанын растайтын сертификаттар табыстады.

Өз сөзінде генерал-майор курс барысында алынған білім мен машықтардың әскери қызмет жолында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Құрметті түлектер! Бүгін сіздер оқудың маңызды кезеңін еңсердіңіздер. «Сардар» курсы сіздерге көшбасшылық қабілетті дамытуға, күрделі жағдайда шешім қабылдау машығын шыңдауға мүмкіндік берді. Енді әрқайсыңыз қол астындағы жауынгерлердің өміріне жауаптысыздар. Мұнда алған білім мен тәжірибе – болашақ командирлік қызметтеріңіздің берік іргетасы боларына сенемін. Әскери дәстүрді ұлықтап, ел қорғаны болуға лайықты үлес қосасыздар деп сенемін, – деді Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы.

«Сардар» курсы – жас офицерлерді кәсіби тұрғыда шыңдап, басқару қабілетін арттыруға бағытталған маңызды дайындық кезеңі. Мұндай бағдарламалар Қазақстан Қарулы Күштерінің кәсіби деңгейін арттыруға зор үлес қосып келеді.