Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі

0 194

Бүгін Жамбыл облысы прокуратурасының «Заңдылық алаңы» атты арнайы алаңында тағылымы терең іс-шара өтті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған қолбасшы, жазушы әрі Жуалы ауданының бұрынғы прокуроры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған ескерткіш тақта салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Қазақтың көрнекті ұлына арналған бұл тақта – тек Бауыржан атамыздың ғана емес, Ұлы Отан соғысына қатысып, заң мен әділеттілікті қорғаған барлық прокурорлардың рухына тағзым ретінде қойылды. Еліміздің тыныштығы үшін майдан мен бейбіт өмірде қызмет еткен азаматтардың ерлігін ұлықтауға арналған бұл белгі – елдіктің айғағы.

Шара «Заңдылық – Құрмет – Қорғау» атты музейлік бұрышпен таныстырудан басталды. Бұл бұрыш – тәртіп пен заңдылыққа, Отанды қорғаған ерлерге деген мәңгілік құрметтің белгісіне айналды.

Салтанатты жиынға ҚР Бас Прокуроры Берік Асылов, қоғам қайраткері әрі Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, ардагер прокурорлардың ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар өз сөздерінде бастаманың маңыздылығына тоқталып, тарихи жадыны сақтау – келешек үшін парыз екенін атап өтті.

Қонақтар ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, батырлардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Бұл – өткенге деген құрметтің, бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын сезінудің көрінісі болды.

Бас Прокурор Берік Асылов өз сөзінде тарихты ұмытпау, ата-бабалардың ерлігін ұлықтау – қазіргі буын үшін де, келер ұрпақ үшін де аса маңызды екенін айтты.

Зейнеп Ахметова өз естеліктерімен бөлісіп, Бауыржан Момышұлының өмірлік ұстанымдарын, ел алдындағы адалдығы мен қайсар болмысын еске алды. Оның айтуынша, бұл іс-шара – тек еске алу емес, жас буынға бағытталған өнегелі тәрбие.

Ардагерлердің ұрпақтары да аталарының ерлігі мен жанқиярлығы тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалауға негіз болғанын тебіреніспен жеткізді.

Рәсім жас прокурорлардың ант беруімен түйінделді. Бұл – заңды қорғауға серт берген жас мамандар үшін ерекше символдық мәнге ие сәт болды.

Соңында естелік суретке түсіп, қатысушылар бұл күннің тарихи маңызын ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің өзектілігін тағы бір мәрте түйсінді.

Құрмет пен мақтаныш рухында өткен бұл іс-шара – ұлт тарихын ұлықтау, елдік рухты сақтау, ерлікке тағзым ету жолындағы маңызды қадам ретінде есте қалды.