Бауыржан ізімен басталған бағзы жол

0 248

Жуалы жұрты үшін айрықша сәттің бірі көктемнің көркем күнінде орын алды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, жазушы және халқымыздың ардақты ұлы Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына орай Жуалы аудандық прокуратурасының ғимаратында ескерткіш тақта орнатылып, салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов, жазушы әрі қоғам қайраткері, Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметова, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров бастаған бірқатар лауазымды тұлғалар, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, ауданның ардақты азаматтары қатысты.

Айта кету керек, Бауыржан Момышұлы 1931-1932 жылдары дәл осы Жуалы ауданында прокурор қызметін атқарған. Бұл дерек – оның тұлғасын жаңа қырынан ашып, әскери ерлігімен қатар заң мен әділет жолындағы еңбегін де айшықтай түседі. Бауыржан тек майдангер ғана емес, халықтың тыныштығы мен құқығы үшін күрескен заң қорғаушы да болған.

Прокуратура ғимаратында батырдың өмір жолына арналған «Тәртіпсіз ер болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» атты арнайы бұрыш ашылды. Мұнда Бауыржан атамыздың өмірбаянындағы айтулы сәттер, майдандағы ерліктері, оның темірдей тәртібі мен болаттай бекем болмысы бейнеленген. Бұл – келушілерге тек ақпарат беретін емес, рухани серпіліс сыйлайтын орын.

Салтанат соңында прокуратура ауласында ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл – өмір жалғастығы мен ұрпақтар сабақтастығының символы. Көгалдандырылған әрбір түп жасыл ағаш – өткеннің өнегесі мен болашақтың үміті іспетті.

Бауыржан Момышұлына арналған бұл тағзым – Жуалы жұртының ғана емес, күллі қазақ халқының батырға деген шексіз құрметінің айғағы.