Ұлттық ұлан батырлары

0 221

Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы №1 мектеп-гимназиясында еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту жолындағы жас патриоттарды тәрбиелеуге бағытталған ерекше іс-шара өтті. «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының құрылғанына 22 жыл толуына орай, 10-сынып оқушылары аталмыш ұйымның қатарына қабылданып, «Ұлттық ұлан батырлары» атты салтанатты жиын ұйымдастырды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Мерекелік жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары, «Айбын» орденінің иегері, подполковник Мерей Қонысбаев, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы, майор Алтынбек Сарсимов, Байзақ ауданының білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Исағали Сәлімбаев, Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру және жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Нұртас Уалиев, сондай-ақ Қазақстан ардагерлері «Айрықша тәуекелді ардагерлер мүгедектері» аймақтық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сейтхан Қуантаев арнайы шақырылып, жас өрендерге ақ баталарын берді.

Шара барысында жоғары сынып оқушылары салтанатты түрде ант қабылдап, әскери дайындық элементтерін көрсетті. Көпшіліктің көңілінен шыққан рухты әндер мен әсем билер кеш шырайын аша түсті.

Салтанатты жиын соңында мектеп-гимназия директоры Гүлпаш Жамановаға жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі елеулі еңбегі үшін Алғысхат табысталды.

Бұл іс-шара жас буынға Отан алдындағы азаматтық парызын сезініп, ел қорғаны болуға деген ұмтылысын арттыратын тағылымды кездесу болды.