Жас патриоттар – ел болашағының тірегі

0 262

Патриоттық тәрбие – жастарды азаматтық жауапкершілікке, елге деген сүйіспеншілікке баулудың негізгі құралы. Осы бағытта Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Бурыл ауылдық округіндегі №6 орта мектепте Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды акция ұйымдастырылып, оның аясында «Жас патриоттар академиясының» ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Аталған академияны құру идеясы өткен жылы көтерілген болатын. Жоба Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасына негізделген. Үш жылдан бері мектеп ұжымы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөліммен және аудандық білім бөлімімен тығыз байланыста жұмыс істеп, «Жас бүркіт» атты әскери-патриоттық қозғалысты дамытып келеді.

Қозғалысқа 128 оқушы белсенді түрде қатысады. Мектептің жоғары сыныптарында взвод және бөлімше командирлері тағайындалған. Демеушілердің көмегімен 40 оқушы арнайы әскери форма, 25 оқушы саптық дайындық киімімен, тағы 15 оқушы армрестлингке арналған жабдықпен қамтылған.

Мектеп оқушылары үшін 5513 әскери бөлімінде ашық есік күндері, ерлік сабақтары, Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында және Бауыржан Момышұлы атындағы музейде патриоттық іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ олар «AMANAT» партиясының «Қайсар» жобасы аясында ұйымдастырылған байқауларға қатысып, еліміздің әр өңіріндегі тарихи орындарға экскурсия жасады.

Жас патриоттар Жамбыл облыстық Қарулы Күштер ардагерлері ұйымының өкілдері – генерал-майор Әлімжан Ерниязов, полковник Рысмағамбет Жүсіпов және интернационалист-жауынгерлер одағының төрағасы Керім Ізбасаровпен кездесті.

Академия мүшелері «Тәуелсіздік ұрпағы» жастар форумына қатысып, грант жеңіп алды. Сонымен қатар, «Қызыл берет-2024» байқауына арнайы қонақ ретінде шақырылып, арнайы мақсаттағы бөлімдер әскери білімін тексеретін сынақтарға куә болды.

Аудан әкімі Олжас Баққараев:

– Жас патриоттар академиясы – жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыратын басты алаң, – деп атап өтті.

Мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық сыныбы мен арнайы оқу кабинеті ашылды. Академия таныстырылымына аудандық және облыстық ардагерлер ұйымдары, құқық қорғау органдары, мемлекеттік мекемелер мен жергілікті қауымдастық өкілдері қатысты. Қонақтар академияның құрметті алқа мүшелері ретінде қабылданды.

Оқушылар қолданбалы өнер көрмесін ұйымдастырып, саптық дайындық, жекпе-жек тәсілдері және әскери пәндер бойынша машықтарын көрсетті. Мектеп ауласында «Жас патриоттар аллеясы» мен «Жас бүркіт» қозғалысының штабы ашылды.

Академия мүшелері Ұлы Отан соғысына дейінгі, соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі ел тарихын, Тәуелсіз Қазақстанның даму жолын сахналық қойылым арқылы бейнелеп берді.

Жамбыл облыстық Қарулы Күштер ардагерлері ұйымының төрағасы, полковник Рамиль Тартыков пен интернационалист-жауынгерлер одағының төраға орынбасары Марат Тортбаев жастарды ел тағдырына бейжай қарамай, қоғам дамуына белсенді араласуға шақырды. Олар мектеп директоры Құралай Үкібаева мен әскери пәндер мұғалімі Самат Керімжановқа жастарға патриоттық тәрбие беруге қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді.