Андас батыр ауылында өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді

0 121

Меркі ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Андас батыр ауылының тұрғындарымен өрт қауіпсіздігіне байланысты ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараны аудандық өрт сөндіру бөлімінің мамандары ұйымдастырып, оған ауыл әкімдігі мен газ қызметінің өкілдері де қатысты. Бұл туралы «Aulieatanews» ақпарат агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Кездесу барысында мамандар тұрғындарға тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану ережелерін, аулада қоқыс пен құрғақ шөпті жағуға болмайтынын, сондай-ақ орманды және далалық жерлерде өрттің алдын алу шараларын жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, су тасқынының алдын алу бағытында да ұсыныстар айтылды.

Ауыл тұрғындарына арнайы жадынамалар таратылып, мамандар барлық сұрақтарға жауап берді. Мұндай профилактикалық іс-шаралар аудан көлемінде тұрақты түрде өткізіліп тұрады және жазатайым оқиғалардың азаюына өз үлесін қосып келеді.

Сонымен қатар, жақында аудандық өрт сөндіру бөлімінің жүргізушілеріне жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша арнайы оқу-сабақ өткізілді. Сабақ Меркі ауданынан тыс жерде орналасқан арнайы оқу полигонында өтті. Онда жүргізушілерге теориялық түсініктемелер беріліп, арнайы бейнеролик көрсетілді. Бұдан кейін тәжірибелік жаттығулар ұйымдастырылып, жүргізушілердің кәсіби машықтары шыңдалды. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Осындай кешенді жұмыстар ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және жауапты көзқарас қалыптастыруға бағытталған.