Халық қаһарманы — Әулиеата төрінде
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қазақ әдебиетінің абызы, көрнекті ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановпен жүздесті. Бұл тағылымды кездесу — рухани кеңістікті жаңғыртып, ұлт жадында өшпес із қалдырған қайраткер тұлғамен жүздесу ғана емес, әдебиет пен адамгершілік, ұлттық болмыс жайлы терең сыр шертілген мағыналы отырыс болды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Кездесу барысында облыс басшысы Шаханов шығармашылығының қазақ әдебиетінде алар орны мен ұлт санасындағы ықпалы туралы жүрекжарды лебізін білдірді.
— Сіз – қазақтың рухын оятқан, елдің еңсесін көтерген, ұлттың ұлы мүддесін жыр еткен ақынсыз. Сіздің әрбір жырыңыз — тұтас бір дәуірдің үніндей. Әулиеата жұртшылығы Сіздің шығармаларыңызды ерекше құрмет тұтады, — деді Ербол Қарашөкеев.
Аймақ басшысы ақынның иығына шапан жауып, жамбылдықтардың ыстық ықыласын білдірді. Бұл — тек құрмет емес, елдің рухани алыбына деген халықтың сүйіспеншілігінің белгісі.
Сол күні ақынның құрметіне орай Жамбыл облыстық Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылығына негізделген «Танакөз» мелодрамасы сахналанды. Көрермендер залында руханият пен өнерге жанашыр жұрт, жастар, зиялы қауым өкілдері жиналып, сахналық қойылымнан терең әсер алды.
«Танакөз» — махаббат пен адалдық, ұлттық болмыс пен ар-ождан тақырыптарын арқау еткен, көрермен жүрегіне жол табатын туынды. Бұл спектакль де ақын шығармашылығының поэтикалық қуатын тағы бір қырынан танытты.
Шахановпен өткен сәт — тек бір күндік кездесу емес, ұлттың рухани жадын жаңғыртқан, әдебиет пен елдік мүддені ұштастырған тағылымды оқиға. Ақынның әрбір сөзі, әрбір жыры — бүгінгі және болашақ ұрпаққа жол сілтер шамшырақ іспетті.