Жас сарбаздарды салтанатты түрде қарсы алды

0 5

Көктемгі әскерге шақырылған жас сарбаздар Жамбыл облысының теміржол вокзалында ерекше құрметпен қарсы алынды. Әскери оркестр әуенімен басталған бұл салтанатты рәсім көп жылдан бері қалыптасқан дәстүрдің жалғасы. Жаңа қызметке қадам басқан жастарды Бауыржан Момышұлы атындағы бесінші механикаландырылған бригаданың офицерлері мен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер салтанатты түрде қарсы алды.

— Жаңа сарбаздар үшін алғашқы әсер өте маңызды. Әскери оркестрмен қарсы алу – олардың бойына отансүйгіштік сезімді ұялататын, әскери қызметке деген оң көзқарас қалыптастыратын ерекше тәсіл. Бұл — олардың «Мені мұнда күтіп отыр» деген сенімді сезінуіне ықпал етеді, — дейді әскери бөлім командирі, полковник Жәнібек Құранбеков.

Әскери өмірге енді қадам басқан сарбаздарға бұл рәсім үлкен моральдық қолдау болды. Олар үлкен әскери ұжымның бір бөлігіне айналғандарын айқын сезінді. Қорғаныс министрлігінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты басқа да әскери бөлімдерде дәл осындай рәсімдер өтіп жатыр. Елдің түкпір-түкпірінен — Астана, Алматы, Қостанай, Өскемен және басқа қалалардан келген жас сарбаздар жаңа өмір белесіне бет алды.

— Толқу бар, әрине, бірақ біз бұл жолды абыроймен өткеруге дайынбыз. Осындай жылы қабылдау мен рух беретін музыка бізге сенім ұялатады, — дейді Астанадан келген шақырылушылар Ярослав Киряк пен Шохрух Вахидұлы.

Жас сарбаздар үшін бір айлық бастапқы дайындық кезеңі басталады. Бұл уақыт аралығында олар әскери тәртіппен танысып, жаттығу сабақтарына қатысады, сарбаздық өмір салтына бейімделеді. Алғашқы дайындық Тараз бен Меркі гарнизондарындағы бөлімдерде өтеді.

Биыл Бесінші механикаландырылған бригадада 500-ден астам сарбаз әскери борышын өтеуге кіріспек. Дайындық кезеңі Отан алдындағы ант берумен аяқталып, әр сарбаз толыққанды әскери қызметке өтеді. Бұл — нағыз ер-азамат болып қалыптасатын, патриоттық рух пен достыққа негізделген жаңа өмір парағының бастауы.