Жамбыл облысында жауапсыз ана құқығынан айырылуы мүмкін
Жамбыл облысында полицейлер мектептерде, білім беру ұйымдарында және көшелерде профилактикалық іс-шараларды күшейтті. Құқық қорғау органдарының басты назарында – кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналары, сондай-ақ ішкі істер органдарында есепте тұрған азаматтар, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Жақында 38 жастағы әйелдің төрт кәмелетке толмаған баласын бірнеше рет бөтен адамдар мен көршілерге тастап кеткені анықталды. Сонымен қатар, әйелдің алкогольді жиі тұтынатыны да белгілі болды. Алғашқы рет бұл жағдай 2024 жылдың қараша айында полицияның назарына іліккен еді, сол кезде балалардың мектепке жиі бармауы тіркелген болатын.
Қайтадан оқыс жағдай орын алған кезде, анасы балаларын кездейсоқ танысының үйіне қалдырып кеткен. Бұл жағдайда полиция қызметкерлері балаларды отбасынан алып, оларды Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды. Анасына қатысты ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қайтадан әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ата-аналық құқықтарын шектеу мәселесі арнайы комиссияның отырысында қаралатын болады.
Жалпы, «Жасөспірім» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында 11 күн ішінде 27 қолайсыз отбасы мен 45 жасөспірім профилактикалық есепке қойылды. Рейдтік шаралар барысында полиция қызметкерлері 956 кәмелетке толмаған баланы анықтап, 986 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеді. Олардың ішінде ата-аналар тарапынан міндеттерін орындамаған 94 жағдай мен 21 жасқа толмағандарға алкоголь сатқан 10 кәсіпкер анықталды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарды балаларды қараусыз қалдыру деректері бойынша бей-жай қарамауға және кәмелетке толмағандарға қатысты қатыгездік немесе немқұрайлылық туралы жедел хабарлауға шақырады.