Жамбылда нашақорлықтың алдын алуға арналған жаңа тәсілдер талқыланды
Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағалығымен онлайн форматта «Нашақорлықтың заманауи үрдістері: жаңа сын-қатерлер мен алдын алу тәсілдері» тақырыбында семинар өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Іс-шараға Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшылығы, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі облыстық кеңестің мүшелері, сондай-ақ департаменттің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – нашақорлықпен күрестің тиімді жолдарын талқылау, заманауи қауіптерге баға беру және алдын алу шараларын жетілдіру болды. Қатысушылар жасөспірімдер мен жастар арасында есірткіге тәуелділіктің таралуы, синтетикалық заттардың қаупі, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен интернеттің бұл үрдіске ықпалы туралы өзекті мәселелерді көтерді.
Жиын барысында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізу қажеттігі баса айтылды. Сарапшылар нашақорлықтың алдын алуда қоғаммен бірлесе жұмыс істеудің маңызын атап өтті.