Ер жігіттер – елдің, жердің тұтқасы
Жастарды тәрбиелеу – еліміздің болашағы үшін аса маңызды, өйткені ертеңгі күнде осы елдің тізгінін ұстар, оны дамытып, өркендететін де – солар. Олар білімдерімен және еңбектерімен Тәуелсіз еліміздің игілігі үшін қызмет етеді, – деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Патриотизм – мемлекеттілікті сақтаудың басты кепілі. Отанға деген сүйіспеншіліктен асқан бақыт жоқ. Патриотизм – алаңға шығып айқайлау емес, ел игілігі үшін адал еңбек ету».
Осы мақсатта Меркі ауданы Сарымолдаев ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-лицейінде «Ер жігіттер – елдің, жердің тұтқасы» атты тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға ауданның құрметті ардагерлері, «Алтын саз» хорының қатысушылары, хор жетекшісі және Сарымолдаев ауылдық округінің маманы Нұржан Мадеев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамидулла Енсебеков, «Мерейлі Меркі» қоғамдық қорының төрағасы Жантұрсын Қалмаханбетов, «Германиядағы Кеңес әскері тобы және Варшава шарты әскери тобы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бейбітбек Мәжиев, Семей полигонының ардагері Төленәлі Мадеев, ауыл билер кеңесінің төрағасы Өксікбай Алтыбаев, сондай-ақ осы бірлестіктің мүшелері – Қуанышбек Әлімбеков пен Мұрат Жұматаев қатысты.
Кеш қонақтары қатарында педагогика саласының ардагерлері Жайлау Рахметов пен Жексеналы Балабеков, №22 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Ерсайын Ахилбев те болды. Олар кеш барысында көрермендердің ыстық ықыласына бөлене отырып, ГСВГ ардагері Қуанышбек Әлімбеков қазақ тіліне кәсіби түрде аударған «Жеңіс күні» әнін және елге кеңінен танымал «Атамекен» әнін орындады.
Сонымен қатар, Қуанышбек Әлімбеков соғыс жылдарындағы баршаға танымал «Журавли», «Смуглянка», сондай-ақ «Ата-ана үйі» әндерін мемлекеттік тілге аударып, бұл әндер Жамбыл облысындағы өнерпаздар арасында кеңінен танымал болып отыр.
Мектеп оқушыларының ұйымдастырған концерттік бағдарламасы мен Отан туралы оқыған өлеңдерінен кейін алда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет ететін болашақ сарбаздар – Әуезов мектебінің оқушылары алдында Құрметті қонақтар сөз сөйлеп, өздерінің өнегелі өмір жолынан сыр шертті. Оларды залға таныстырып, жүргізушілер Анар Мұхтанова мен Мөлдір Ермек құрметпен қарсы алды.
Аудан ардагерлері жастарды ел мүддесіне адал болуға шақырып, патриотизм – жүрегінде Отаны бар адамның күшті рухы екенін атап өтті. Ондай адам туған жерін қорғау мен гүлдендіру жолында ештеңеден тайынбайтынын айтты. Олар шын патриот – кез келген ерлікке дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ардагерлер болашақ ұрпақ та дәл осындай патриоттық рухпен өмір сүреді деген үміт білдірді. Себебі – біздің Отанымыз бір, мемлекетіміз ортақ, халқымыз бір, күшіміз – бірлікте!
Кездесу барысында оқушылар ардагерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. «Отанды қорғау деген не? Нағыз ер азамат қандай болу керек? Ардагерлер өскелең ұрпаққа қандай кеңес береді?» деген сауалдар қойылып, ардагерлер өздерінің әскери қызмет кезіндегі қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Осы ерекше күнде ауданның дамуына, жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін ардагерлерге алғыс білдіріп, мектеп директоры Нұрилә Қойшыманова, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назгүл Анисова, құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Аброй Иманжанов, педагогика ардагері Клара Танкеева және ауылдағы әжелер тобының жетекшісі Ләззат Нұрсейтова жылы лебіздерін білдірді. Ал, оқушылар ардагерлерге естелік сыйлықтар табыстап, алғыстарын жеткізді.
Бұл кездесу қатысушылардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Себебі олар тек қана құнды кеңестер алып қоймай, өмірлік мотивация мен шынайы патриотизмнің үлгісін көре алды. Кеш соңында оқушылар ардагерлермен тағы да жүздесуге үміт білдіріп, мұндай тағылымды кездесулердің жиі өткізілуін тіледі.