Қызғалдақтар – біздің байлығымыз

0 192

Көктем келген сайын қазақстандықтар, оның ішінде Жамбыл облысының тұрғындары да табиғат аясында тынығуға жиі шығатын болды. Алайда, тәртіп сақшылары өсімдіктерге варварлық көзқараспен қарау жағдайларын да жиі тіркеп отыр. Жыл сайын адамдар сирек кездесетін және реликті гүлдерді ойланбастан жұлып, табиғатқа қаншалықты зиян келтіріп жатқанын түсінбейді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Қазақстан экожүйесі биологиялық әртүрлілігімен ерекше. Ондағы бір ғана өсімдік түрінің жойылуының өзі елеулі теріс салдарға әкелуі мүмкін. Алайда, көпшілігі бұл туралы ойлана бермейді. Керісінше, саяхат кезінде ерекше гүл немесе көз тартарлық бір нәрсені көрсе, бірден жұлып алуға ұмтылады.

Осындай табиғатқа жауапсыз қараудың кезекті жағдайы Түркістан облысының Ордабасы ауданында демалыс күндері орын алды. Бір әйел Қызыл кітапқа енген қызғалдақтардан гүл шоғы жинаған. Енді нәзік гүлдерді ұнатқан азаматша өз жеңілтектігі үшін мемлекетке шамамен 12 миллион теңге айыппұл төлеуге міндетті болады.

Сондықтан еліміздің және облысымыздың тұрғындары ерекше қорғалатын, сирек және жойылып бара жатқан өсімдіктерді жұлуға қатаң тыйым салынғанын есте сақтауы қажет. Себебі, кейбір өсімдіктер, мысалы, қызғалдақтар тек тұқым арқылы көбейе алады. Ал, сіз гүлді жұлып алсаңыз, тұқым пайда болмайды. Қызғалдақтарда өскіннен алғашқы гүлдеуге дейінгі кезең 10-12 жылға созылады. Сондықтан жаңа өсімдіктерге өмір сыйлайтын гүлді сақтау — өте маңызды.