Президент Тәжікстанның Сыртқы істер министрін қабылдады

0 18

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинді қабылдады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде Президент Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағыт бойынша оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтіп, стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтудың мәні зор екенін айтты.

Мемлекет басшысы былтыр қол қойылған Одақтастық қатынастар туралы шарт Астана мен Душанбенің сан қырлы және табысты ынтымақтастығының маңызды кезеңі болғанын еске салды.

«Біз Тәжікстанмен достыққа құрылған қатынастарды жоғары бағалаймыз. Екі елдің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Қазақстан жұртшылығы бауырлас тәжік халқына ерекше ықылас танытады. Елдеріміз әрдайым бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Бұл екіжақты байланысты белсенді дамытуға ұмтылысымыздан да байқалады», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның қазақ-тәжік ынтымақтастығын арттыруға қосқан теңдессіз үлесіне айрықша назар аударды.