Жамбыл облысында колледждерде сұранысқа сай жаңа мамандықтар ашылады

0 182

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған жұмысшы мамандықтары жылы шеңберіндегі іс-шаралар жоспары қаралды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде жұмысшы мамандықтары жылын тиісті деңгейде өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, 6 бағыт бойынша 123 түрлі шара қамтылған. Сондай-ақ жоспардың іске асырылуын қадағалайтын арнайы штаб құрылған.

Жиында білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов биыл кәсіпкерлік бағыттағы 33 инвестициялық жоба бойынша — 1 360, ауылшаруашылығы бағытындағы 18 жоба бойынша 234 жұмыс орны құрылып, мамандар тартылатынын жеткізді. Сонымен қатар 110-нан астам бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізу жоспарланған.

Жаңа кәсіптер атласында өңірге қажет негізгі 5 сала (агро, өнеркәсіп тау-кен, баламалы энергетика, туризм, көлік және логистика) бойынша жаңа, жойылатын және трансформацияланатын мамандықтар  тізімі нақтыланды. Облыста колледждерде сұранысқа сай жаңа мамандықтар ашылу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

«Enbek.kz» порталына студенттерді бос жұмыс орындарына орналасумен іздеу дағдыларын үйрету жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Кәсіпкерлер тарапынан колледж студенттеріне 2025 жылы 120 орын, 2026 жылы 100 орындық жатақхана салынады деп күтілуде.

Жамбыл инновациялық жоғары колледжі базасында «1С» сертификаттау орталығы жақын арада жұмысын бастайды.

Басқарма басшысы «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй бағдарламалары аясында «Әулиеата жастары» жұмысшы қызметкерлерге жеңілдетілген несие ұсыну жұмыстары жүргізіліп жатқандығын да атап өтті.

Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жұмысшы мамандықтары жылына арналған іс-шаралардан шалғай елді мекендегі тұрғындар мен жастар тыс қалмауы керектігін ескертіп, мемлекет бөлген білім беру гранттары мамандық игеруге құштар жастарды қолдауға бағытталу керектігін айтты. Бұл жұмыстар бойынша аудан әкімдерімен бірлесе жұмыс атқаруды тапсырды.

Келесі кезекте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов өңірдегі жұмыссыз азаматтарды «Skills enbek» порталы арқылы онлайн оқыту бағыты бойынша 3 200 адамды тегін оқыту жоспарланып отқандығын жеткізді. Қазіргі таңда аталған портал арқылы 767 адам білім алып жатыр.

Жиында ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Өскембекова да баяндама жасады.

Жиын соңында облыс әкімі  жауапты сала басшыларына бірқатар міндеттерді жүктеп, жоспарда көрсетілген шаралардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.