Жамбыл облысында кәмелетке толмаған үш бала сотталды
Жамбыл облысының соты кәмелетке толмаған үш оқушыға үкім шығарды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі облыстың кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Анықталғандай, кәмелетке толмаған сотталушылар адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы, Байзақ ауданы Құмжота ауылындағы мектептің әжетханасында 8-ші сынып оқушыларын жинап, бағыну мен нұсқауларын орындауды талап етіп, олардың кеуде тұсынан жұдырықпен ұрған. Кеудесінің сол жақ бөлігінен алған соққылардың салдарынан кәмелетке толмаған бала оқиға орнында көз жұмған.
Прокурор айыпталушылардың кінәсі іс бойынша жиналған жәбірленушілердің, куәлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденген атап өтті.
«Сот үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, Л.Н.-ға — 6 жыл 8 айға бас бостандығын айыру, Л.Л.-ға — 6 жыл 8 айға бас бостандығын айыру, Т.-ға — 1 жылға бас бостандығын шектеу жазалары тағайындалды. Мемлекет кірісіне сот сараптамаларына жұмсалған процестік шығындар, жәбірленушілердің өтемақы қорына мәжбүрлі төлем, сондай-ақ жәбірленуші тараптың пайдасына сотталғандар Л.Н.-нің заңды өкілінен 6 млн. теңге, Л.Л.-дің заңды өкілінен 5 млн теңге моральдық зиян өндірілді», делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.