Бектенов Қытай Премьерімен кездесті

0 117

Олжас Бектенов пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. 

Тараптар Қазақстан мен ҚХР арасындағы кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықтың даму қарқынына оң баға берді. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында екіжақты сауда көлемі $33 млрд-ты құрады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біздің ірі сауда әріптесіміз Қытаймен ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары «алтын 30 жылдықтың» кезекті кезеңіне Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына қосымша серпін берді. Жоғары деңгейде қойылған міндетке сәйкес, біз жақын арада өзара тауар айналымын арттыруға ниеттіміз. Қазақстан Үкіметі өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша Қытаймен толық форматты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын», деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы Қазақстан сауда айналымы ауқымын арттыруға және құрылымын, оның ішінде қосылған құны бар өнім есебінен оңтайландыруға дайын екенін атап өтті. Мәселе құны $1,6 млрд-ты құрайтын 180 өнім түрі туралы болып отыр. Негізінен, металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс салаларының бұйымдарын жеткізу көлемін арттыруға мүмкіндік бар.

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп саласындағы өзара сауда айналымы 5,8%-ға артты. Осыған байланысты Қазақстан астық, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдері экспортын кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар жемдік бидай және арпа ұны, бидай кебегі, бидай, майлы дақыл және басқа да дақылдар өндіретін жаңа отандық кәсіпорындарды қытай нарығына шығару үшін аккредиттеу мүмкіндігі талқыланды. Сондай-ақ теміржол вагондарының барлық түрімен тасымалданатын жүктерді қабылдау көлемін арттырудың маңыздылығы атап өтілді.

Қазақстан Премьер-министрі мен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін де талқылады. Бүгінгі таңда Қытайдан Еуропаға жерүсті тасымалының 80%-дан астамы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Осы тұрғыда Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру шеңберінде өзара іс-қимылды тереңдетуге мүдделі. Олжас Бектенов жаһандық маңызы бар жоба Қазақстан аумағы арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағытымен бірлесіп, «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» дәліздерінің әлеуетін ашуға қабілетті екенін атап өтті. Биылғы 9 ай ішінде орташа дәліз бойынша тасымалдау көлемі өткен жылдың көрсеткіштерінен 23%-ға асып, 3,4 млн тоннаны құрады. 2030 жылға қарай жүк тасымалдау көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Биыл қазан айында «Ляньюнган порты» компаниясымен кооперацияда Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысы басталды. Қазіргі уақытта Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысында жаңа өткізу пункттерін ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өз кезегінде ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян Қытайдың қазақ-қытай стратегиялық әріптестігін тереңдету бойынша екі елдің көшбасшылары ұстанған бағытты одан әрі жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.

«Қытай мен Қазақстан – ежелден тату көрші, бізді 1700 шақырымнан асатын ортақ шекара байланыстырып жатыр. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде біздің тату көршілік, достық, құрмет пен теңдік рухында өзара тиімді ынтымақтастық құрылды. Екі мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығымен соңғы жылдары біздің қарым-қатынасымыздың жаңаша тынысы ашылып, тұрақты әрі жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейіне жетті», деді Ли Цян.

Тараптар екі мемлекет арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ілгері дамуын қамтамасыз ету ниетін қуаттады.

Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылды.