«Жыр нөсерін жіберсем құйып, құйып…»
Тараз қаласында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық кітапханада ақын композитор, әнші, жасындай жарқырап, өмірден 31 жасында өткен Бауыржан Үсеновті еске алуға арналған «Жыр нөсерін жіберсем құйып, құйып..» атты әдеби кеш өтті. Талантты азаматтың Қазақ мемлекеттік университетінде қатар оқыған достары, жас ақындар, жоғары және арнаулы оқу орындарының білімгерлері және бауыры, балалары қатысты. Кеш тізгінін кітапхана қызметкері, журналист Ерман Әбдиев алып, өткізгелі отырған шараның маңызына қысқаша тоқталып өтті. Алғашқы сөзді осы жолдардың авторына берді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
«Көрсетерем қыранның өлімін мен» деп жырлаған Бауыржан күрескер ақын еді. Жуалының Қошқарата ауылында 1960 жылы дүние есігін ашқан есіл ер жалын жырларында азаттықты аңсады. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде өрт сөндіретін көліктің шашқан мұздай суы күрескер ақынды сол сәтте-ақ нысанаға алса керек. Алаңда қасқайып тұрып, «Әужеке, бұл 100 жылда қайталанбайтын ұлы ерлік, көресің Тәуелсіздігіміздің бастауы осы күн болады» деп еді есіл Ер. Әттең, өзі азаттықтың ақ таңы атқанын көре алмай, 1991 жылы шілде айында өмірден өтіп кетті.
«Халық жауы» болып атылып кеткен Сәкен, Бейімбет, Ильясқа арнаған атақты «Қарамашина» өлеңін сексенінші жылдардың басында университетте өткен үлкен бір шарада тайсалмай оқуының өзі көзсіз ерлік еді. Содан бастап соңына «үш әріп» «қоңырау» байлады. «Сынақ тапсыра алмады» деген сылтаумен оқудан шығарылып, елге — Қошқаратасына келді. Өзі оқыған Абай атындағы мектеп те мұғалім болды. Алматыға барып, оқуын қайта жалғастырды. Бәрібір Бауыржан ақын астарлап та, ашық та тәуелсіздікті жырлай берді. Жоғалып кеткен «Қарамашинаны» Арқаның атақты әншісі Жақсыкелді Кемалов, Бауыржан Қарағандыға республикалық айтысқа барғанда жазып алып, азаттық орнайтынын сезгендей жылдар бойы сақтап келіп, кейіннен Бауыржанның курстас-досы бүгінде Призидент кеңесшісі болып еңбек ететін Бауыржан Омаровқа табыс етеді. «Қарамашина» жыр сүйер қалың елмен осылай қауышты. Тіпті, Жақаң Мұқағалидың сөзіне жазылған «Тымырсық» әнінде зердесіне құйып алған. Еске алу кеші Жақсыкелдінің орындауында таспаға жазып алған Бауыржанның осы әнімен ашылды.
«Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, облыстық «Әулиеата» газетінің бас редакторы Қуаныш Иембердиев, белгілі тележурналист Шоқан Сыздықұлы қазақтың талантты ақыны, тамаша композитор, жезтаңдай әнші туралы студенттік жылдарынан сыр шертті. «Ақ жол» газеті бас редакторының міндетін атқарушы, жас ақын Нұржан Қадірәлі ақын ағасын көрмесе де, әсерлі әңгіме қозғап, арнау өлеңін оқыды. Осы басылымның аға тілшісі Есен Өтеулиев жерлес ақын туралы үлкендерден естіген естеліктерден бөліссе, «Әулиеата-медиа» цифрлық контент орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Рахымбай да талант туралы, оның шығармашылығы жөнінде ой қозғады. Інісі Біржан, ұлы Мұқаметсалық Үсеновтер және келіні Арайлым Жақсылық сөз алып ағаны, әкені, атаны аңсап сөйлегенде жанарларға жас келді. Біржан бауырының бірқатар әндерін шырқап, тұңғиық ойға сағыныш сезіміне бөленген көпшілікті бір серпілтіп тастады. Ақынның өлеңін оқып, ән шырқаған өнерпаз қыздарға қошемет ерекше болды.
Бауыржан Үсеновтің әр жылдары жарық көрген кітаптары мен суреттерін көрген шараға қатысушылар естелік суретке түсті. Арамызда аман-сау жүрген белгілі ақын-жазушылармен қатар, өмірден өткен таланттарды тасада қалдырмай әр кез еске алу кештерін өткізіп отыратын іргелі руханият орнының қызметкерлері мен басшылығына айтылған алғыс та аз болған жоқ.