Жамбыл облысында жол апатынан 6 адам қаза тапты

0 572

Тойота Альфард жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, полицияның «Skoda Octavia» патрульдік көлігімен соқтығысқан, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Меркі-Шу-Бурылбайтал тас жолында болған жол апатынан алты адам қаза тапты, оның ішінде екі патруль болды.

Әлеуметтік желілерде жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат пен қайғылы оқиға орнынан түсірілген кадрлар пайда болды. Мәлім болғандай, көліктер Меркі-Шу-Бурылбайтал тас жолында соқтығысқан.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі жол-көлік оқиғасының 17 тамыз күні сағат 01:00 шамасында, республикалық маңызы бар Меркі-Шу-Бурылбайтал тас жолының 40-шы шақырымында болғанын хабарлады.

— Тойота Альфард жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, полицияның «Skoda Octavia» патрульдік көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан қызметтік көлікте болған және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз еткен екі патрульдік полиция қызметкері оқиға орнында көз жұмды. Қаза болған полицейлердің бірі — 11 баласы бар әке. Toyota Alphard көлігінде 8 жолаушы болған. Олардың төртеуі оқиға орнында көз жұмды, жүргізуші мен тағы үш жолаушы әртүрлі ауырлықтағы жарақаттармен орталық облыстық ауруханаға жатқызылды, — деп хабарлады полиция департаменті.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі «Адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Полиция департаменті қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты.