Үш ірі жобаны іске асыру көзделуде

0 133

Облысымызда 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) саны 25 нысанға жетіп, қуаты 2,5 ГВт құрайтын болады деп жоспарлануда, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Қазіргі таңда қуаты 551,3 МВт құрайтын 22 ЖЭК жұмыс істейді. Оның ішінде, 6 су электр стансасы (24,4 МВт), 10 жел электр стансасы (275,6 МВт), 6 күн электр стансасы (251,2 МВт) бар. Өткен жылы 4348,6 млн кВт/сағ. электр энергиясы өндірілсе, биыл 4560,8 млн.кВт/сағ электр энергиясын өндіру жоспарланған.

Өңірде ЖЭК дамытуға мүмкіндік мол. Күн, жел және су электр стансасын салуға барлық жағдай қарастырылған. Облыс әкімдігі осы бағыттағы инвестициялық жобаларға басымдық беріп отыр.

Жалпы, өңірімізде алдағы жылдары ЖЭК бойынша үш ірі жобаны іске асыру көзделуде. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында «Total Eren» компаниясы тарапынан қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасы, «Masdar» (БАӘ) компаниясы тарапынан Сарысу және Талас аудандарында қуаты 500 МВт жел электр стансасы және «China Power International Holding Limited» компаниясы тарапынан қуаты 500 МВт жел электр стансасы салынады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, Жамбыл облысы ЖЭК қуаты бойынша республикада көш бастаса, нысандар саны бойынша екінші орында тұр.